«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗ ЖЫЛДА ЖЕТПЕГЕН ЖЕТІСТІК

Өткен жылы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен ашылған “Барыс” баскетбол клубы жоғары лиганың ерлер командалары арасындағы XXIV ел біріншілігін сәтті аяқтады.

Щучинск қаласында өткен сайыста оңтүстікқазақстандық “Қазығұрт” біріншіліктің жеңімпазы атанса, “Барыс Атырау-2” екінші болды. Ал 35 ұпайы бар солтүстікқазақстандық “Барыс” үздік үштікті түйіндеді.

Бір атап өтерлігі, үздік бестіктен көрінген командалардың біліктілігі мен бәсекелестігі бір деңгейде болды. Мәселен, сайыс барысындағы кездесулердің бірінде ел чемпионы атанған “Қазығұртты” тізе бүктірсек, келесі кездесуде бесінші орынға тұрақтаған “Астана жолбарыстары” командасынан жеңілдік.

Біріншіліктің жетінші турының соңғы ойындарында жерлестеріміз төрт кездесудің үшеуінде жеңіске жетті. Өкінішке қарай, “Тобыл-2” командасынан 57:78 есебімен ұтылып қалдық. Жарыстың қорытындысы бойынша Рустам Ғалымов пен Максим Налогов жоғары лиганың үздік бес ойыншысының қатарынан көрінді. Олар “Үздік жеңіл форвард” және “Үздік ауыр форвард” аталымдарында топ жарды.

Петропавлдық құрама команда білікті ойыншылармен жасақталған. Командадағы 14 ойыншының 10-ы – солтүстікқазақстандық. Олардың дені – облыс орталығындағы “Барыс” балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері екені қуанарлық жай. Ал Қостанай қаласынан шақыртылған Владимир Воейков пен Даниил Кузнецов, павлодарлық баскетболшылар Рустам Ғалымов пен Максим Кобзаренко команданың жеңісіне сүбелі үлестерін қоса білді. Осы орайда тәрбиеленушілерімізді баскетболдың қыр-сырына үйреткен Сергей Моор мен Павел Антоненко сияқты тәжірибелі бапкерлердің сіңірген еңбегі өлшеусіз екендігін атап айтқан жөн.

Біз облыс басшылығының біріншілікте үздік үштіктің қатарынан көрініңдер деген тапсырмасын орындадық. Бұл жеңіс – өңір баскетболшыларының соңғы тоғыз жылда қол жеткізген ең жоғары көрсеткіші екенін атап айтпасқа болмайды.

Ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көріне білген жерлес команда үстіміздегі жылдың тамыз айында кезекті маусымға қызу дайындықтарын бастайды. Алдағы уақытта бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз.

Михаил ДЕДОВ,

“Барыс” баскетбол клубының жаттықтырушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp