Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жолдың қардан аршылған бөлігімен емес, тазаланбаған жағымен жүріп келе жатқан «Лада Priora» автомобиліне полицейлердің назары ауды. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатқанда, салоннан ішімдік иісі мүңкіп тұрғанын аңғарды. Медициналық куәландыру 1975 жылы туған жергілікті тұрғынның мас екенін көрсетті. Ол 2017 жылы аудандық соттың қаулысымен 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Куәлігін қайтарып алуына 10 ай ғана уақыт қалған екен. Ол енді заңнамадағы соңғы өзгерістерге сай қатаңдатылған қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
11 қаңтарда күшіне енген заңнамадағы жаңашылдықтарға сәйкес, Қылмыстық кодекстің 346-бабы, яғни көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның көлік жүргізуі қылмыс санатына ауыстырылды. “Баптың бірінші тармағында көрсетілген ең жеңіл жаза: 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, қоғамдық жұмысқа тарту мерзімі 200-ден 1200 сағатқа дейін арттырылды, сондай-ақ бұл тармақ бұрынғыдай 50 тәулікке дейін қамауға алудың орнына 5 жылға дейін бас бостандығын айыруды қарастырады”, – дейді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков.
Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол апатына себепкер болған адамға қолданылатын ең қатаң жаза – сегіз жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру. Айта кетерлігі, бұл бап бойынша жауапқа тартылғандар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айырылмақ.
Жыл басынан бері облыс полицейлері көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйде рөлге отырғандарға қатысты 9 қылмыстық іс қозғады.