Облыс орталығындағы Достық үйінде өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің қатысуымен өткен “дөңгелек үстелде” келісім мен бірлікті нығайту мен насихаттау жайы сөз болды.
Аталған шараны облыстық “Свитанок” украин мәдениеті қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бүгінде Петропавл қаласында аталған этностың бес мыңға жуық өкілі тұрады.
Тағылымды шара барысында түрлі этнос өкілдерінің жастары бірлік пен татулық, келісім жайлы ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Мәселен, қазақ, орыс тілін жетік меңгерген жастардың бірі Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Кристина Штир:
– Қазақстанда туып-өскен ұрпақтың бірімін. Достарым да түрлі этностың өкілдері. Біздің түріміз басқа болғанымен, тілегіміз бір. Отанымыз – Қазақстанды өркендеткіміз келеді, – деді.
“Этносаралық татулықты, бірлікті сақтау – біздің басты мақсатымыз. Сол себепті, түрлі этнос өкілдері жастарының қатысуымен өткен жиында бірлікті нығайту мен келісімді сақтауға байланысты туындайтын міндеттерді талқылауды ұйғардық. Бүгінгі әңгіме жастарымызға ой саларына сенімдіміз”, – дейді “Свитанок” украин мәдениеті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Платко.
Айсұлу СЕРҒАЛИ.