«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАНЫНДА ДА ТЫҢ

Саналы ғұмырын тек ізгілікке, парасаттылыққа арнап, еңбектің игілігін көрген, оның үстіне, ұзақ жасап, ұрпақтарының ыстық ілтипатына, ұжымдағы ізбасарларының құрметіне бөленіп отырған жандарды қалай ардақтасақ та, артық емес. Біздің “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамымыздың ұжымы осындай адамның бірі, бүгінде тоқсан жастың төрінен орын алған Анна Фиданы осылайша құрмет тұтады.

Осынау баурайы толы баудай тауға баланатын жасқа жақында ғана толған Анна Федоровна әлі де қолын қусырып отыра алмай, өзіне, әйтеуір бір ермек тауып алады. Әрине, «Жаны саудың – тәні сау» демекші, рухы мықты, жігерлі, еңбекпен шыңдалған адам ғана осындай жаста сергектік пен ширақтықтан айнымайды.

Оны өмірдің өзі шыңдады. Жас кезі ғой, қаншама қиыншылықтарды басынан кешсе де, мойымады. Украинаның соғыстан әбден титықтаған, халықтың тұрмысы ауыр кезінде ол осы республиканың Чернигов облысындағы Песчанка деревнясынан Петропавлға келген.

Жұбайы – майдангер, соғыс зардабынан сырқатқа шалдыққан. Оның үстіне, әлжуаз төрт баланы қосқанда жас Аннаның иығына түскен жүкті шамалай беріңіз.

Ол отбасын асырап, сақтау үшін аянбай тер төгуі қажеттігін осылайша ерте ұқты. Петропавлдың сүт зауытына жұмысқа кірді. Ерте жатып, кеш тұрмай, керісінше, кеш жатып, ерте тұрып тірлік кешті. Таңғы алакөбеден жұмысқа аттанып, үш ауысым бойы еңбек етті. Қолы жеткені осы жұмыс болғандықтан, қиналса да көндікті.

Осыны аңғарған бір танысы оған Петропавлдағы екінші жылу-электр орталығында қолайлы жұмыс барын айтқан соң осында ауысты. Өйткені, сол танысының өзі осы кәсіпорнында еңбек ететін.

Бұл жаңа жұмыс орны, расында да, қолайлы болды. Әрі еңбекақысы көңілінен шықты, әрі науқас жұбайына қарайласып, балаларын күтуге уақыт табылды.

Бірақ бастапқыда жаңа жұмысты игеріп кету оңай болмады.

– Әуелгіде маған өте қиын болды. Әріптестерімнің көбі – әйелдер. Ал жұмысымыз оңай емес. Жабдықтардың «тілін табу» әркімнің қолынан келе бермейді екен. Әсіресе, турбина және қазандық цехтарында құбырлардың жылуын рәсуа етпейтін материалдармен жұмыс істей білуге машықтану керек. Бұл орайда маған бүгінде көзі тірі тәлімгерім Александр Викторович Мичурин көп көмек көрсетті, – дейді Анна Федоровна.

Климаты шұғыл континентальді өңірде құбырлардың жылуын бірқалыпты сақтау оңай еместігін ол әуелден-ақ аңғарды. Жылуды бойында сақтайтын құбырларды орауда асбест материалы қолданылады. Ол кезде солай болған. Асбестің адамның денсаулығына зияны да аз емес. Бірақ ол кезде мұны ешкім елей бермейтін. Ал қазір бұл технология өзгерген, заман талабына сай жаңа материалдарды пайдаланады. Тиімді әрі сапалы.

А. Фида он бес жыл бойы осы жұмыспен айналысты. Зейнет демалысына шығатын күн де келіп жетті. Бір кездегі жалынды, тұла бойында жігер оты лаулаған еңбеккер әйел ендігі жерде балалардан бала сүйіп, немерелері мен шөберелеріне тәлім-тәрбие беруге көшті. Атап айтқанда, сегіз немересі және алты шөбересі бар. Құдай жеткізсе, шөпшек те сүймек.

Жоғарыда айтқанымдай, ол бостан-бос қарап отыра алмайды: жаз болса, саяжайға барып, жеміс-жидек өсіреді.

Жақында өзі зейнет демалысына шыққан «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамына қарайтын екінші жылу-электр орталығының кадрлар бөлімінің басшысы Ольга Зозуля еңбек ардагерінің пәтеріне арнайы келіп, зейнеткерді ұжым атынан қарттарды қолдау айлығының басталуымен құттықтады. Бағалы сый-сияпат жасалған, гүл шоғын алған ардагер еңбегін елеп, құрметке бөлеген ізбасарларына шын жүректен ризашылығын білдірді.

Жылу-электр орталығында бүгінгі таңда 364 зейнеткер барын айта кету артық емес. Ал бүкіл акционерлік қоғамда құрметті еңбек демалысына шыққандар – 844 адам. Оларды қарттарды қолдау айлығында ғана емес, туған күндерінде, басқалай мемлекеттік мерекелерде осылайша құрметке бөлейтін дәстүрдің желісі үзіліп көрген емес.

Осылайша бұл күні акционерлік қоғамның кәсіптік одағы зейнеткерлермен кездесу ұйымдастырды. Басқосуда «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамының бас директоры Леонид Ларичев сала ардагерлеріне зор денсаулық, бақытты да баянды қарттық ұзақ ғұмыр тіледі.

Ал электр желілерінің және жөндеу-өндірістік бригадаларының аудандық бөлімшелеріне осы мақсаттағы мерекелік шараларды өткізуге ақшалай қаражат бөлінді.

Игорь ТАТАРЧЕНКО,

«СевКазЭнерго» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы.

СУРЕТТЕ: ардагерді құттықтау сәті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp