«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАНҒА ТОЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Еңбек жолын агроном мамандығынан бастап, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарына дейін көтерілген Лидия Орлова 90 жасқа толып отыр.

33 жыл бойы жемісті еңбек етіп, облысымыздың дамуына үлес қосқан қарияның үйіне облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова барып, өңір басшысы Ерік Сұлтановтың атынан құттықтау хат және гүл шоғын табыс етті.

– Сіз еңбекте шыңдалған адамсыз. Өмір жолында шыққан шыңыңыз ауыз толтырып айтарлықтай. Осының барлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Облыс әкімінің атынан Сізді шын жүректен туған күніңізбен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін! Туған-туыстарыңыздың ортасында құрмет-қошеметке бөленіп жүре беріңіз! – деді ақ тілегін жеткізген Анархан Қалиқызы.  

Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қария еңбегін елеп, қуанышын бөлісуге келген құрметті қонақтарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Соғыс басталғанда он алты жаста болған бойжеткен анасымен, сіңлісімен және басқа да ауылдастарымен бірге Қазақстан жеріне келген.

– Жүз күнге созылған жолдың ұзақтығында біраз қиындық көрдік. Әр жерде адам да, мал да қалып жатты. Бірақ шамамыз келгенше шыдап, көштен қалмадық. Әлі есімде, жаяулап-жалпылап шекараға жеткенде бізді тосып алған адамдар жылы құшақпен қарсы алды. Баспана беріп, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Қазақтың қонақжайлылығын бірінші рет сонда көрдім. Тағдырдың жазуымен киелі қазақ жеріне келгеніме ризамын. Еліміз өркендеп, қанатын кеңінен жая берсін! – деді ағынан жарылған той иесі.

Тоқсанға келген қарияны туған күнінде облыстық және қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері де құттықтап, сый-сияпат жасады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp