
Елдің қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін отансүйгіш кәсіпкерлер әрдайым жерлестерінің қамын күйттеуге дайын. Өмірдің алуан саласында нардың жүгін көтеріп, шаруаның тізгінін ұстап жүрген басшылардың күнделікті тіршіліктің қам-қарекеті аясында қалып қоймай, халықтың тұрмысын қайтсем жақсартам деген ой миына маза, жанына тыным бермейтіні қуантады.
Осындай басшылардың бірі – “Западное-СК” ЖШС-і директоры Мустафа Гулиев Тоқсан би ауылында қоғамдық монша ашып, жерлестерін қуанышқа бөледі. Моншаның ашылу салтанатында аудан әкімі Ағзам Тастеміров көк таспаны қиып, тұрғындарға игі тілегін жеткізді. Ағзам Ахметжанұлы ауданда монша мәселесі өткір тұрғанын айтып, күрмеуі қиын мәселелердің барлығы біртіндеп шешімін табатынына сендірді.
Ауыл тұрғындары аудан әкімінің есепті кездесулері барысында ұзақ жылдардан бері монша салу мәселесін көтеріп келген. Мустафа Маулиұлы бұл мәселені шешуді 2017 жылы қолға алғанымен, қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болғанын жеткізіп, моншаны пайдалануға берудің сәті биыл түскенін айтты. 21 орындық монша салуға серіктестік 20 миллион теңге қаржысын жұмсады. Жаңа нысанда 5 жұмыс орны ашылды.