«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҚСАН ТОҒЫЗЫНШЫ КӨКТЕМ

Дәлізге кіре берістегі сыртқы қоңыраудың түймесін бастым. Арғы жақтан «Кім екен?» деген әйелдің биязы үні естілді. «Мен ғой» дедім сыралғы танысындай қаннен-қаперсіз. Бесінші қабатқа көтерілсем, межелі пәтердің есігі айқара ашық тұр. Мені ізетпен қарсы алған үй иесі таңданысымды сезгендей «Төрлет, қалқам! Кеше хабарластың ғой. Сөйлеу мәнеріңнен бірден таныдым. Адаспай табуыңа алдын ала қам жасап жатқаным»,– деді күлімсіреген күйі. Сонда да кейуананың ақсары жүзіне бажайлап қарап, пәтерді жаңылыстырып алған жоқпын ба деген ой сумаң ете қалды. Өйткені ақ жаулықты ана 17 мамырда 99–шы көктемін қарсы алғалы отыр дегенге сену қиын. Өңі әлдеқайда жас, жүріс-тұрысы ширақ, сөзі нық. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөз осы кісіге қарата айтылған сықылды.

«Залға өте бер, айналайын, мен шай қамдай қояйын» деген даусы мені шырт ұйқыдан оятқандай . Екі бөлменің кіршіксіз тазалығы мен жинақылығы ерекше сүйсінтті. Қабырғаға ілінген түрлі-түсті қалың кілем көзге бірден шалынады.

«Еңбекке ерте араластым»,– деді сүт қатқан қою шайды кесеге құйып, маған ұсынған Әсия әжей. – Әкем Мұхамеджан еңбек армиясына алынғанымен, денсаулығының дімкәстігіне байланысты елге оралды. Анам Махинұр жастайынан аурушаң болды, тек үй шаруасымен айналысты. Бір кіндіктен – екеуміз. Інімді былтыр 90-ға қараған ша ғында ақтық сапарға шығарып салдық. Әке-шешеміздің жетпеген жасын, көрмеген қызығын Алла тағала бізге нәсіп еткен шығар?! Шүкіршілік деймін. Қазіргі адамдар не ішіп, не жеймін деп еш уайымдамайды. Бәрі бар. Тек еңбек ете біл, түзу жолмен жүр, жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Менің жастық шағым соғыспен тұспа-тұс келді. 15-ке жаңа толған бойжеткен кезім. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен уақытпен санаспай жұмыс істедік. Тігіншілікті кәсіп еттім. Тіккен киім-кешекті, тоқылған жүн қолғап пен шұлықты жауынгерлерге толассыз жөнелтеміз. Күніне талғажау ететініміз – 200-250 грамм қара нан. Кейде қара су ішіп, ашқұрсақ жүрсек те, қыңқ демейміз. Бір отбасында – 4 жанбыз. Мүгедек шешеме бауырым қарайласады. Ауыр шайқастардың бірінде ағасының қаза табуы оны тіпті қалжыратып жіберді».

Кәрі жүректің шерлі мұңы жанарын жасауратып, бір тамшы жас жерге үзіліп түскендей болды. Қамыққанын сездіргісі келмегендей орамалын алып, көзін сүртті.

Шай толы кесені қайтара ұсынған кейуана әңгімесін жалғастырды. Айтуынша, соғыстан кейін заман бірден түзеліп кете қоймапты. Әкесі дүниеден ерте озыпты. Өзі 12 жыл төсек тартып жатқан анасын күтіп, оқуға мойын бұра алмаған. Сөйтіп жүргенде Серік деген сырбаз жігіттің етегінен ұстаған. Сұлулығы көз тоярлықтай, тал бойына жарасқан шашы тізеге дейін жететін бойжеткен ойын-сауықтың көркі саналған, гармонның құлағында ойнайтын, әнді тамылжыта шырқайтын азаматпен көңіл жарастырып, ұрпақ өрбіткен. Қызы Флора мен кіші ұлы Еркін Петропавлда, үлкен ұлы Нұрлан Башқұртстанда тұрады.

Қабырғадағы кілемге қайта- қайта қарағыштағанымды байқап қалған әжей оның анасынан қалған жалғыз мұра екенін, осы себепті іліп қойғанын, алып тастауға қимайтынын жеткізді. Оған тұңғыш марапаты – «1941- 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалінің орны бөлек, ерекше ыстық. Оны «Сталин медалі» деп айрықша қадірлейді.

Ұзақ өмір сүруінің сырын сұрағанымызда ауруханаға жатып, ем-дом алып көрмеген кейуана: «Оның еш құпиясы жоқ. Меніңше, әр адамның ұстанған өмірлік қағидатына, саламатты өмір салтына байланысты сияқты. Намазға жығылмасам да, Құдайға құлшылық қылып, бертінге дейін ораза тұтып келдім. Ең бастысы, пейіл таза, ниет ақ, жүрек кешірімді, мінез шыдамды болғай, сонда кез келген тілек шүбәсіз қабыл алынады. Былтыр бір көзіме катаракта диагнозы қойылып, ота жасатқаным болмаса, дәрігердің алдына барған емеспін», –дейді.

Бәлкім, қорытылуы қиын тағамнан бас тартқан боларсыз деген сұрағыма «Қайдағы? Етсіз бір күн де тұра алмаймын. Сорпасы қандай, шіркін?! Сосын бәліш, тоқаш…Өзің дайындаған мәзірге ештеңе жетпейді. Ал тәтті атаулыны ауызға алған емеспін», – деп жауап берді. Бір ғасырға жуық жасаған жанның дәмді етіп үш мезгіл ас әзірлеуін бірінші кездестіруім.

Әжімді жүзі солғын тартса да, табиғи биязы қалпын жоғалтпаған күйі мені есікке дейін шығарып салды.

«Біз сияқты қарттарын ұмытпай қадірлейтін Үкіметіме рақмет! Ардагерлер кеңесі сый- сияпатын жасап тұрады. Аға буынның ізін жалғастырып келе жатқан жас өскіндер аман болсын. Флора келгенше ет базарына барып келейін. Жетпіске таяп қалған қызыма да жүріп-тұру оңай деймісің?»,– деді қоштасар сәтте кейуана қанына сіңген бауырмалдық әдетпен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp