
Өткен жылдан бері облыс әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша облыста тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу жұмысы пәрменді түрде жүргізілуде. Соған орай былтыр 9 кәсіпорын жұмысын қайта бастаса, биыл 14 өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр. Таяуда бұрынғы Петропавл арақ-шарап зауыты да солардың қатарына қосылмақ. Соған орай кәсіпорында болған БАҚ өкілдері өндіріс орнын қалпына келтіру жұмысымен танысып, кәсіпорынның алдағы апталарда өнім шығара бастайтындығына көз жеткізді.
1942 жылы Ресей Федерациясындағы Горький қаласынан (қазіргі Нижний Новгород) көшіріліп, 1956 жылы Петропавл арақ-шарап зауытына айналған өндіріс орнын биыл сәуір айында “БН” тобы басқаруға алып, өнім шығаруын тоқтатқан кәсіпорынды қайта жабдықтауға кіріскен болатын. Жаңа құрылымның басшысы Тахир Гусейновтың айтуына қарағанда, “Петропавл арақ зауыты-БН” ЖШС 5 гектар аумақты алып жатыр. Онда спирт әзірлеу, суды химиялық тазалаудан өткізу, өнім құю және алкогольді өнімдер цехтары орналасқан. Оларға өнімнің сапасы мен қуаттылығын арттыратын Германияның, Италияның және Ресейдің заманауи құрал-жабдықтары орнатылыпты.
– Зауытта 400 адам еңбек етіпті. Біздің мақсат – сонша жұмыс орнын сақтап қалу. Бұрынғы білікті мамандар кәсіпорынды қалпына келтіруге жұмылдырылуда. Спирт цехының ғимараты мен шикізат қабылдайтын және өңдейтін желілері Александр Сергунның басшылығымен күрделі жөндеуден өткізілуде. Оны тез арада іске қосуға бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Ол жұмыс істеп кеткенше, өнім шығаруға қажетті шикізатты сырттан ала тұрамыз,– дейді мемлекеттік тілде еркін және таза сөйлейтін Тахир Гусейнов.
Химиялық тазалау цехының меңгерушісі Татьяна Сысолятина құбыр арқылы келетін Есіл суы құм, катеонит, көмір сияқты залалсыздандыратын, қоспалардан айыратын бірнеше сүзгілерден өткізіліп, зертханада зерттелгеннен кейін өндіріс цехына жіберілетіндігін айтады. Құю цехтарындағы желілер де қалпына келтіріліп, сынақтан өткізілуде.
– Таяу күндері өндірісті іске қосамыз. Бастапқыда тәулігіне 15 млн. теңгенің өнімін шығаруды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін оны 25-30%-ға арттыратын боламыз. Соған орай жергілікті бюджетке түсетін акциздік салық та өсе түседі. Зауыт бұрын да сапалы өнім шығарып, елімізге ғана емес, Ресей Федерациясының көрші облыстарына да жақсы танылған. Осы жетістікті сақтап қалу – біздің саясатымыз бен мақсатымыз. Түркияға жыл сайын 1 млн. литр өнім экспортталып келді. Кемінде сол көлем сақталады және тағы бір-екі шетелге экспорттау көзделеді. Қазіргі атқарып жатқан шараларымыздың барлығы соларды жүзеге асыруға бағытталған, – дейді бұған дейін де Сергеевка қаласында осындай өнім өндірумен айналысқан кәсіпкер.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.