Ер бала алғаш сапарға шыққанда жасалатын дәстүрлі бас қосуды тоқымқағар деп атаған. Бұрындары көлігіміз жылқы малы болғандықтан, ер жігіт жолға шыққанда ер-тоқымын сайлап, үйге қонақ шақырылған. Арнаулы мал сойылып немесе сыйлы мүшелер салынып, ет асылатын. Кең дастарқан жайылатын. Ойын-сауық ойналып, өлең-жыр айтылатын. Бұл – сапарға шыққан жігіттің тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген жақсы тілек білдірудің белгісі.
Қазіргі заманда жолға ешкім атпен шықпайды. Ер жігіттің ер-тоқымын сайлаудың да қажеті жоқ. Десе де, аталмыш салтты қазіргі заманға лайықтап, алыс сапарға алғаш шыққан баласының аман оралуы үшін де жасауға болады. Бұл да өшкен салттың қайта жаңғыруына септеседі.