«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТРИХИНЕЛЛЕЗ ДЕРТІН ЖҰҚТЫРҒАНДАР ТІРКЕЛДІ

Өткен жылы Қызылжар және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда трихинеллез дертін жұқтырған науқастар тіркелді. Белгілі болғанындай, олар борсықтың ысталған етін шикі күйінде пайдаланған.

Трихинеллез – адамның және жыртқыш жануарлардың ішекқұрттары қоздыратын ауыр паразиттік ауру. Тірі туатын дөңгелек құрттар адам организміне трихинеллезбен ауыратын жануарлар арқылы жұғады. Борсықтың, аюдың, кейде үй шошқаларының еттерін шикі немесе нашар пісірілген күйде жеген кезде пайда болады. Ал бұл паразит жануарларға тышқандарды, сол сияқты тағы да ұсақ аңдардың тұтас еттерін жеген кезде жұғады. Шөп қоректілер табиғи жағдайларда трихинеллезбен ауырмайды.

Әсіресе, аңшылардың абай болғаны жөн. Себебі, олар қанжығаларына байлаған аңдарының терілерін сыпырып алғаннан кейін үйдегі иттерге береді. Не болмаса теріні бақшаға, жол бойындағы жыраларға тастайды. Ал ол аңмен бірге трихинелл паразиттері де келуі мүмкін.  

Бүгінгі күні ормандарда доңыздардың пайда болуына байланысты заңсыз түрде аң аулау да көбейіп кетті. Браконьерлердің олжасы ветеринариялық сараптаудан өтпейтіндіктен, жұқпалы ауруға шалдыққан адамдардың саны да өсуі мүмкін.

Паразиттерді жұқтырған адамдарда дерт жасырын кезеңнен кейін 5-8 күннен 28-30 күнге дейін, кейде 40-45 тәулікке дейін дамиды.

Аурудың ерекше белгілері: қабақ пен бет ісінеді. Дене қызуы жоғарылап, бұлшық еттің ауырсынуы мен қан құрамында өзгеріс байқалады.

Дүниежүзінде аурудың алдын алу дұрыс ұйымдастырылған ветеринариялық сараптаманың арқасында іске асырылады. Шошқа және басқа жыртқыш аңдардың еттері трихинеллоскопиядан өтуі тиіс. Тұрғындар заңсыз сауда орындарынан ет өнімдерін мүлде сатып алуға болмайтындығын білуі қажет.

Роза ЕРАЛИНА,

облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бас маманы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp