Бүгінгі күні туберкулез әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Сондықтан оның алдын алу және өкпе ауруымен сырқаттанушылар санын азайту мақсатында жыл сайын ақпан-наурыз айларында айлық өтеді. Осылайша тұрғындарға туберкулез сырқатының жұқпалы әрі қауіпті дерт екенін түсіндіру үшін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мақсатты түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өкпе сырқатымен аурушылар саны 12,7 пайызға азайып, өлім-жітім көрсеткіші 3,1 есеге төмендеді. Облыс әкімі аппараты жанындағы тұрғындардың денсаулығын қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі де туберкулездің таралуына тосқауыл қоюдың тиімді жолдарын қарастыруда. Осы бағыттағы жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар өз бақылауларында ұстайды.
Бүгінгі күні біздің өңірімізде осызаманғы 98 – рентгенологиялық аппарат, оның ішінде 45 флюорографиялық қондырғы бар. Ал жылжымалы флюроқондырғылар өте ыңғайлы. Ол арқылы шалғай елді мекендердің тұрғындарын тексеруге мүмкіндік алып отырмыз. Былтыр 375,0 мың адам дәрігерлердің қарауынан өтсе, олардың 251-інің өкпе сырқатына шалдыққаны анықталды.
Ал балалар арасында туберкулез ауруын анықтау туберкулин сынамаларын қою арқылы жүргізіледі. Өткен жылы 92,6 мың бала тексеріліп, соның үшеуінен сырқат табылды. Жасөспірімдер үшін облыста диагностиканың “Диаскинтест” әдісі енгізілді. Былтыр осы әдіспен 3048 бала тексеріліп, олардың 8 пайызының ауру жұқтырғаны белгілі болды. Сырқаттарға химиопрофилактикалық ем жүргізілді.
Туберкулездің жұқпалы түрлерін анықтауда зертханалық диагностикалаудың тиімділігі байқалып отыр. Сондықтан облыстық туберкулезге қарсы күрес қызметі қазіргі заманғы озық техника жабдығымен жарақтандырылған. Мамандар жұмыс барысында Baktec-Migit-960, Hain-test және тағы басқа осызаманғы жабдықтарды қолданады. Олар қысқа мерзімде науқас организмінде тек Кох бацилласын ғана емес, дәрілік препараттарға тұрақты туберкулез түрлерін анықтайды. Соңғы жылдары өкпе сырқаты әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындардан бөлек, саламатты өмір салтын сақтамайтын, иммунитетті төмендететін созылмалы ауруларға ұшырағандар арасында да кездесуде. Туберкулездің таралуына науқастардың, соның ішінде оның жұқпалы түрлерімен ауыратындардың медициналық көмекке дер кезінде жүгінбеуі, емдеу тәртібін сақтамауы, ауру ошақтарында қажетті профилактикалық шаралардың жүргізілмеуі де себеп болады. Дертті жұқтырған адамдарда ауру белгілері бірден байқалмайды.
Егер ауру дер кезінде анықталып, ем медициналық қызметкерлердің бақылауымен үзіліссіз жүргізілсе, онда науқастың сауығып кетуге мүмкіндігі бар.
Сергей ПАРАГА,
облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы.