Туляремия – ерекше қауіпті, адамдар мен аңдарда таралатын жұқпалы дерт. Облысымызда дерттің табиғи ошақтары 9 ауданда тіркелді. Туляремия микробын көбіне-көп тышқантекті кеміргіштер, су егеуқұйрығы және ондатр таратады. Адамдарға дерт науқас аңдардан, микроб таралған су мен азық-түлікті пайдаланғанда жұғады. Солтүстікқазақстандықтар бұл дертті көп жағдайда кене мен қан соратын жәндіктерден жұқтырып алады. Соңғы рет 2006 жылы 2 адам жұқтырды. Сол себепті биылғы масасы әлдеқайда көп жаз мезгілінде абай болған дұрыс.
Дерт денені жайлағанмен, ауру белгілері 3 немесе 14 күннен кейін көрініс табуы мүмкін. Науқастың дене қызуы көтеріліп, жүрегі айниды, басы ауырып, бойын әлсіздік билейді. Туляремияны жұқтырған адамның ағзасына зақым келуі мүмкін. Дертті асқындырып алмай тұрып, дәрігерге көрінген абзал.
Ал ауруды болдырмас үшін орманға серуендеуге шыққанда етек, білегі жабық киім киіп, шыбын-шіркейлерді үркітетін түрлі спрейлерді қолдану қажет. Әрбір 15 минут сайын киіміңізді тексеріп тұрыңыз.
Самат БАРМЕНБАЕВ,
облыстық тұтынушылар
құқығын қорғау департаментінің маманы.