Баяғы батыр бабаларымыз жауды жеңіп, Есіл бойына ел қондырғанда алғашқы қазығы қағылған қоныстардың бірі Есіл ауданындағы Өрнек ауылы. Аядай ғана елді мекендегі шыр етіп дүниеге келген перзенттерді еске алсақ ойымызға оралатыны – Ермек Құсайынов. Маңдайының соры бес елі екен оның: туа сала аштыққа тап болды, бала болып ойын қуа бастағанда соғыстың кесапатын көрді. Әкесі Құсайын мен шешесі Сақи жалғыз ұлды жеткізді: жоқшылықты білдіртпеді; білім алуына ахуал туғызды. Ал мамандық таңдауға қиналған жоқ: «Журналистер ауылы» атанған Өрнектің қаламының желі бар жастары, әрине, ҚазМУ-ден бір-ақ шығады!
Ерекең еркек кіндіктіден жалғыз еді. Шешесі ауылдың бас жағында тұратын. Менің шешемді көргенде: «Жалғызыңды оқытпа», – деп ақылын айтады екен. Өйткені оның жалғызы – Ермектің оқуы үнемі сыртта болып, ауылда алшаң басып жүре алмады. Мәселен, мен оны жан дегенде жалғыз шешесі Сақи қайтқанда ғана көрдім. Иесіз қалған үйге тың көтеруге Молдавиядан келген бір отбасы орналасты. Көлденең көк аттыға бұйырған үйін көргенде Ерекеңнің көз жасына ие бола алмағанын ойын баласы – біз де байқаған едік.
Содан кейін 1964 жылы кездестірдім. Николаевка орта мектебіне мұғалім болып орналасқан оны күнде көретін болдық. Себебі ол тарих пәнінен сабақ беріп қана қоймай,біздің сыныптың жетекшісі болды. Бір күні маған:
– Бұл класта сенен тәуірі жоқ екен. Медаль алуға үміткер сенсің. Ендеше мына интернаттан шық та, тып-тыныш бір пәтерге көш, – деп жағдай жасағандығын қалай ұмытайын?!Мектеп бітіргенде маған берілген мінездемеге: «Қаламы өткір журналист болады», деп жазып бергенін ұмытармын ба?! Мұндай мінездемеденкейін менің журналист болмауым мүмкін емес еді…
Онда «Ленин туы» газеті жабылып қалған кез. Кейін білгенім: Ерекең еңбек жолын Ленин аудандық партия комитетінен бастапты. Одан кейін КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Ленин туының» табалдырығын кейін аттаған.
1966 жылы «Ленин туы» газеті қайтадан ашылғанда өз облысымызда қалған қадау-қадау журналистердің бірі – Ерекең редакцияның жұмысына әдеттегідей құлшына кірісті. 1968 жылы «Ленин туына» қызметке алынған маған бірінші болып ұстаздық қолын созған да Ерекең. Қолыма ақ қағазды ұстатып: «Мына жерге тақырыбын қоясың да, астын екі рет сызасың. Жазғанда қағаздың сол жағын, үш елідей тұсын бос қалдырып отыр. Ал жолын былай санайды…» – деп тәптіш-теп тұрып түсіндірген бірінші адам еді-ау. Бір күні мені үйіне алып барып, түннің бір уағына дейін қонағы қылып құрмет көрсетті. Кетерімде журналисти-каға қатысты жарты қап кітабын арқалатып жібергені бар.Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтты орта жолда тастаған, журналистиканы енді ғана бастаған мен үшін бұдан асқан қандыйлық керек?!
Ерекше туған Ерекең қайталанбас тұлға еді. Ондай болу ешкімнің қолынан келмеді. Мәселен, ол кісі таңертеңгі сағат 5-те тұрып, жазған материалын үйіндегі мәшіңкеге бастырып алып, сағат 8-де редакцияның есігін бірінші болып ашып, сағат 9-да біз сүрініп-қабынып жаңа кіріп жатқанда бүкіл жұмысты бітіріп тастаған ол рахаттана шылымын шегіп, әңгіме шертіп отыратын.
Оны үйінен табуға тырыса-тындарға Ерекеңнің белгілейтін уақыты – таңертеңгі сағат 7. Бірде көзімді тырнап ашып, беті-қолымды шалапұла жуып, менің де 7-де жетіп барғаным бар. Барсам: Ерекеңде, Халида тәтеміз де, балалары – бәрі қыбырлап жүр. Қашан барсаң да қайнап тұратын шайды тәтеміз дереу жасап жіберіп, ал Ерекең: «Бір шайды ішіп алып едік, тағы да отырайық», – дегенде менің ұйқым шайдай ашылғанды.
Төрт-ақ сағаттық ұйқысымен аңызға айналған Наполеонды көзімен көрген ешкім жоқ, ал Ерекеңді бәріміз де көрдік.
Қара қылды қақ жаратын әділ адам ілуде біреу-ақ кездесетін болса, ол да Ерекең еді. Нашар оқитын Өрнектің балаларын қорғау қайда, ұрысқанда жерге кіргізіп жібере жаздайтын онысын мектепте-ақ аңғарған едім. «Ленин туында» да асыл мінезінен айныған жоқ. «Бүгін үндемей отыр, деп Халида тапсырып жіберіп еді, оған болды ма», – деп бір күлдіріп алатын да, ал келіп сілкілейтін, ал келіп соққылайтын! Жас па, кәрі ме, – кім болса, ол болсын, – бетің бар, жүзің бар демейтін. Бір байқағаным: ол кісі шындықты жарым-жартылай құрбан етіп, мәмілеге келуге көнбейтін. «Ереке, компромисс деген бар емес пе», – десем, құлақ қоймайтын. Әділ адам шындықты құрбан ете алмайды екен.
Ерекең журналист ретінде ешкімді шаңына ілестірген жоқ. Күн сайын шығатын газеттің әр санына өткір мақалалары жарияланатын.Журналистік сапармен шаруашылық, болмаған елді мекен біздің облыста жоқ шығар. Өйткеніол апта сайын дерлік ісса-парға шығып тұратын. Жәнеде әр сапарынан қанжығасымайланып, мол олжамен оралатын: қойын дәптерін толтырып қайтатын. Соның бәрін бір-екі күнде жазып бітіріп, көбін – газетке, азын – радиоға беріп, келесі сапарды күтіп жүретін. Қар жауып тұр ма, жаңбыр жауып тұр ма – оған қарамайды. Редакциядан машина да сұрамайды. Сары портфелін қолына ұстап, автобусқа отырып кете баратын. Тыным-толас дегенді білмейтін ол: «Жалғыз өкпеммен мен де жүрмін ғой», – деп әзілге шаптыратын.
Мінсіз адам бар ма?! Жалғыз мінін бірде байқатып алған ол алды-артына қарамастан «Ленин туынан» кетіп қалды да, облыстық радиоға барып орналасты. Асыл пышақ қап түбінде жата ма – онда даЕрекең жарқылдап жүріп жатты. Онда радиодағы әр журналист аты қойылып, айдары тағылған өз бағдарламасын жүргізетін кез. Сонда Ерекең бір ай бұрынғы бағдарламасын әзір етіп қоятындығын талайлардың аузынан естіген едім.Жұмысқа таңертеңгі сағат 7-де келетін Ерекеңе ерте оянып есік ашып, кілтін қолға ұстатудан мазасы кеткен радионың күзетшісі сонда өмір бойы мәшіңкеші болып еңбек еткен Халида тәтемізге: «Үйден қуып жібересіз бе? Неге таң атпай келеді?» – деп әзілдеп айтты деген әңгімені де құлағымның шалғаны бар.
«Біз айдалып кеттік қой», – деп қалжыңдап жүретін Ерекең алпысқа жақындағанда «Ат айналып қазығын табар» дегендей, «Ленин туына» қайта оралды. «Қатардағы қызметкер қылып алыңдар», – деген өтініші орындалды. Неткен қарапайымдылық, не деген патриотизм десеңізші! Патриотизм демекші,Ерекең «Ленин туы» газетінің ардагері екендігін ант берген сарбаздай адал қызметімен көрсете білген дара әріптесіміз еді. Онысы, әсіресе, газет тарату кезінде айқын аңғарылды. Ол бұл жұмысты басшылардың өздерінен бастайтын.Солардың даңғарадай кабинеттеріне кіріп барып, амандаспай тұрып: «Квитанцияңды көрсет!» – дейтін. Ерекеңнің сырын білетін бастық:«Мінекейіңіз!» – деп «Ленин туына» жазылу түбіртегін жалма-жан көрсетіп жататын. Газет тарату Ерекеңе тапсырылған Ленин (қазіргі Есіл) ауданының қазақ басшылары «Ленин туына» жаппай жазылатын және бәрі де түбіртектерін Ерекеңе көрсету үшін тастамайтын тобықтай қалталарына салып жүретін.
Ерекең үй иесі ретінде керемет өнегелі еді. Балаларына жан-жақты тәрбие берді. Үш қызына үш жүйе газеттер мен журналдар жаздырып алдыратын. Бірде үлкен қызы Майяның спорт журналын оқып отырғанына көзім түсіп кеткен маған: «Бала жан-жақты болып өссін», – деп жауап қайтарған еді. Ал кіші қызы – Раясын тіптен еркелетіп өсірді.
1995 жылы Өрнек ауылы 60 жылдығын дүркіретіп тойлады. Нашар жатқан Ерекеңнің көңілін сұрауға барғанда осыны хабарладым. Ол: «Тойға бару қайда! Өрнектен топырақ бұйыртса болғаны», – деді.Сөйткен асыл азамат бір аптадан кейін мәңгілікке көз жұмды. Оны Өрнекке апарып қойдық.
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.