«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туризмге қолдау қажет

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалында “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесі қарсаңында туристік саланың мүмкіндіктеріне арналған отырыс болды. “Дөңгелек үстелге” облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев қатысты.

 

– Бүгінде Үкімет тарапынан туризмнің дамуына ерекше назар аударылуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында аталмыш саланы дамытуға байланысты нақты міндеттер жүктеді. Кез келген елдің экономикалық дамуында туризм саласы ерекше орын алады, – дей келе Антон Федяев қатысушыларға өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Астана ЭКСПО – 2017” ҰК” АҚ туризмді дамыту департаменті директорының орынбасары, бас менеджер Роза Асанбаеваны таныстырды.

Отырыс барысында “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінде туризм саласының мүмкіндіктері кеңінен айтылды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов өңірде 6 туристік агенттік жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ, ол күн тәртібінде қаралған Қазақстан Республикасындағы Қытай азаматтарының туристік тобы сапарларын жеңілдету туралы Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық туристік әкімшілігінің арасындағы өзара түсіністік меморандумы, сондай-ақ, туризм саласында Қазақстан азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесін енгізу мәселелері бойынша өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, 2017 жылы елімізде бірқатар ауқымды шаралардың өткізілуіне байланысты жоғарыда аталған меморандум аясында Қытайға 56 қазақстандық туристік операторлардың тізімі берілген. Алайда, солтүстікқазақстандық туристік операторлар тізімге енгізілмеген. Оның бір себебі – азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру мен аудармашылар жоқ. Бірақ осындай кедергілерге қарамастан, біздің өңір Қытай елімен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылуда. Бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек еткен Евгений Глотов аспан асты елінің туристік салаға қызығушылығы ерекше екенін жеткізді. Биылғы жылы Қытайдан келетін туристік топтың алғашқы легі күтілуде.

“Астана ЭКСПО – 2017” ҰК” АҚ туризмді дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаева қатысушыларды халықаралық көрмеге дайындық барысымен таныстырды. Әсіресе, ол азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру бойынша тізімге енгізілмей қалған жергілікті тур операторлардың өкілдерінен мәселенің мәнісін сұрап, мұндай ауқымды шараға қатысу жақсы мүмкіндік екенін атап көрсетті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp