Туризм әлемнің көптеген елдері экономикасының негізгі драйвері саналады. Табысты сала арқылы халқының әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттырып отырған мемлекеттер аз емес. Біздің елімізде де туризмнің барлық бағытын дамытуға ерекше ден қойылып, табиғаттың өзі тарту еткен көрікті орындарымызды, жерұйық мекендерімізді туристік жұмаққа айналдыру аясында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Бұл ретте көршілес елдерден туристерді көптеп тарту үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ендеше, осымен он бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының туризмге арналуы өте орынды. Осынау ауқымды шара аясында 8 қараша күні Петропавлдағы теннис орталығының ғимаратында туристік көрменің ашылуы болып, онда Қазақстан мен Ресейдің отыздан астам өңірінен келген меймандар өздерінің туристік әлеуетін паш етті.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі туризмді дамыту бойынша “Ростуризм” Федералды агенттігінің басшысы Олег Сафонов лентасын қиған көрмені тамашалауға келген адамдардың қатары қалың болды.
– Бүгінде республикамызда сыртқы және ішкі туризмді дамыту ісіне айрықша көңіл бөлінуде. Елімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларын дамыту қаншалықты маңызды болса, сонымен бірге, туризмді жан-жақты өркендету ісі де соншалықты тиімді саналады. Екі ел Президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан бұл форумда шекаралас өңірлердегі туризмді дамыту мәселелері бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды. Қазақстан мен Ресей бүкіл әлемге дүниежүзі бойынша ең ұзын шекарасы шектесетін және достығы бекем мемлекеттер ретінде үлгі. Қос мемлекетті экономикалық, сауда-саттық, мәдени қарым-қатынас қана емес, туризм саласындағы ортақ мақсат пен мүдде жақындастырады. Сондықтан бұл ауқымды шараның берері мол, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ресейлік мейман өз кезегінде екі елдің жыл сайын жан-жақты дамып келе жатқан ынтымақтастық байланысына назар аударды. Биылдың өзінде үш жарым миллионнан астам қазақстандық Ресей Федерациясына демалуға барса, көршілес елдің үш миллионға жуық тұрғыны республикамыздың көрікті орындарына саяхаттап келген. “Екі елдің алдында бұл санды жыл сайын еселеу міндеті тұр. Біздің президентіміз Владимир Путин алдымызға осындай талап қойып отыр. Форумнан да күтілетін нәтиже осы”, – деді Олег Петрович.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов халықаралық маңызға ие осынау ауқымды шараның солтүстіктің қақпасы саналатын Петропавл қаласында өтуінің үлкен абырой екенін айтты. Сонымен қатар табиғаты сұлу, тарихи-мәдени орындарға бай Қызылжардың туристік мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Биыл Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында бірнеше заманауи демалыс орындарының құрылысы басталған. Бұл аймақ әлемдік талаптарға сай өңіріміздің беткеұстар туристік орнына айналмақ. Жаңа демалыс орындарының игілігін шетелдік туристер мен отандық меймандар алдағы жылы көре бастайды.
Елімізде 2015 жылы “Туристік қызмет туралы” Заң қабылданып, оның аясында туризмді дамытудың тұжырымдамасы және туристік индустрияны дамытудың жол картасы әзірленген. Бүгінде ішкі туризмді дамыту әлеуеті жоғары Имантау-Шалқар аймағын осы бағдарламалар шеңберінде өрістету жұмыстары қолға алынған.
Бүкіләлемдік банктің мәліметтері бойынша Қазақстан инвестициялық тартымдылық жөнінен дүниежүзіндегі 20 елдің қатарына кіреді. Ал шетелдік тікелей инвестициялардың жан басына шаққандағы көлемі жөнінен ТМД бойынша бірінші орында. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы және отандық экономиканың серпінді дамуына еліміздегі туристік бизнестің жүйелі сипат алуына сенімді алғышарттар қалыптастырып отыр. Қазақстан 1993 жылдан бастап Бүкіләлемдік туристік ұйымның толық мүшесі саналады. Әлемнің көптеген мемлекеттері біздің елімізді үлкен әлеуеті бар сенімді әріптес ретінде бағалайды. Көрмеде осы және өзге де жетістіктеріміз айтылды. Сонымен қатар өңірімізбен бірге еліміздің Түркістан, Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау, Ресейдің Омбы, Түмен, Саратов, Орынбор облыстарының, Алтай өлкесінің, Татарстан Республикасының саяхатшыларды қызықтырып отырған туристік нысандарының әлеуеті таныстырылды. Мәселен, Түркістан облысынан келген меймандар келушілерге қаланың символына айналған Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелері мен көне Отырар қалашығы туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне енгенін айтып, заманауи үлгідегі технология енгізілген “ақылды қаланың” мүмкіншіліктерімен таныстырып өтті. Ақмолалықтар туризмді дамыту тұжырымдамасына сәйкес Бурабай курорттық аймағында туризмнің барлық түрлері бойынша республикалық және халықаралық деңгейде ауқымды мәдени-спорттық шаралардың жүзеге асырылатынын айтты. Мұндағы таушаңғы базалары мен туристік бағыттар келушілерді тамсандырмай қоймайды. Сонымен қатар емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, экологиялық, бұқаралық спорт және іскерлік туризм ерекше дамуда. Голлографиялық шоу түрінде ұйымдастырылған көрмеге қос ел тарапынан экспонаттар, туристік өнімдермен қатар экологиялық, спорттық, емдік-сауықтыру, тағы басқа туризм қызметтері ұсынылды.
Осыдан кейін орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы мамандарының ұйымдастыруымен брифинг өтіп, оған қатысушылар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. “Қазақстанның көп ғасырлық тарихы бар. Біздің еліміздің аумағында көшпенді мәдениет пен отырықшы өркениет біртұтас бірлікте көрініс береді. Еуразия құрлығында шығыс пен батыс арасында орналасқандықтан, еліміздің транзиттік мүмкіндіктері де жыл өткен сайын арта түсуде. Маңызды шараны өткізіп отырған Қызылжар өңірінде де ішкі және сыртқы туризмнің дамуына ерекше маңыз берілуде. Қалада туристерді қабылдайтын заманауи қонақүйлер, дәмхана, мейрамханалар, медицина мен телекоммуникациялық байланыс қызметтері бір жолға қойылған. Бүгінде әлемге туризм саласындағы брендтермен белгілі бола бастаған Қазақстанның кез келген өңірінде ресейлік туристерге ұсынатын дүниелері аз емес”, – деді “Kazakh tourism” Ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.
Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек Қызылжар өлкесінің сұлу табиғаты өңірде экологиялық, жағажайлық, мәдени-сауықтық, танымдық және медици-налық туризмді дамытуға қолайлы екенін және бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Жылына жүз отыз мыңнан астам турист келетін бір ғана Имантау-Шалқар курорттық аймағына осы шарадан кейін ресейліктердің одан да жиі саяхаттайтынына, ондағы демалыс орындарының сервистік мүмкіндігі арта түсетініне сенім білдірді. Соңғы жылдары Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің жағасында демалуға көршілес елдердің туристері көптеп ағылуда. Алдағы уақытта көлдің маңына сазбен емдеуге арналған ғимарат құрылысы салынады. Шипалылығы жағынан Израильдегі Өлі теңізден кем түспейтін Меңгесер емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
Ажар ТӨЛЕҒАЛИЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы жанындағы медициналық орталық басшысының орынбасары:
– Көрмеге келушілер назарына клиникаларымызда туристерге көрсетілетін заманауи емдеу тәсілдерін, қондырғыларымызды әкеліп отырмыз. Қазақстанды әлем жұртшылығы медициналық туризмі жақсы дамып келе жатқан мемлекет деп таниды. Американың, Жапонияның беделді емдеу мекемелерінде тәжірибеден өткен мамандарымыз Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, тіпті, Германия мен Үндістаннан дертіне дауа іздеп келген жүздеген адамға көмек көрсетуде. Жоғары санаттағы дәрігерлеріміз көпбейінді ауруханаларымызда жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта орталық құрамындағы барлық емдеу мекемелеріне роботтық хирургия әдісі енгізілуде. АҚШ-тың хирург-дәрігері Сомади мырза біздің мамандарымызды осы әдісті меңгеруге даярлауда. Біздің орталықтың сапалы қызметі әлем елдерінің қызығушылығын тудырып отыр.
Алтынсай БЕЛАХАНОВА,
Ресей Федерациясы Алтай Республикасының өкілі:
– Алтай аймағы Ресейдің табиғаты таңғажайып әрі туристер жиі саяхаттайтын өлкесі саналады. Бір айта кетерлігі, бізге жыл сайын аймақ тұрғындарынан үш есе көп турист келеді. Телецкая көлі, Катун өзендері қазақстандықтар жиі демалатын орындарға айналған.
Бүгінгі көрмеге Алтайдың бренді саналатын табиғи гүлден, қарақұмықтан, күнбағыстан жиналған балдың оннан астам түрін әкелдік. Келушілерді балмен емдеу орталықтарының да қызметі қызықтыруда.
Алтынсай БЕЛАХАНОВА,
Ресей Федерациясы Алтай Республикасының өкілі:
– Алтай аймағы Ресейдің табиғаты таңғажайып әрі туристер жиі саяхаттайтын өлкесі саналады. Бір айта кетерлігі, бізге жыл сайын аймақ тұрғындарынан үш есе көп турист келеді. Телецкая көлі, Катун өзендері қазақстандықтар жиі демалатын орындарға айналған.
Бүгінгі көрмеге Алтайдың бренді саналатын табиғи гүлден, қарақұмықтан, күнбағыстан жиналған балдың оннан астам түрін әкелдік. Келушілерді балмен емдеу орталықтарының да қызметі қызықтыруда.
Мариета МАТЕВОСЯН,
Ресей Федерациясы Түмен облыстық туризм департаменті жанындағы “Түмен облысын дамыту және туризм” агенттігінің өкілі:
– Екі мемлекеттің туристік әлеуетін дамытуды көздейтін форумнан күтеріміз көп. Біз Түмен облысы аумағындағы туристік нысандардың, демалыс орындарының мүмкіндіктерін бейнероликтер, тач-панельдер арқылы көрсетіп отырмыз. Көптеген қатысушылар біздің дүниелерімізді VR көзәйнегі арқылы тамашалай алды. Шетелдік туристерді Түмендегі мәдени нысандармен таныстыратын “Черное золото Сибири”, “Императорский маршрут”, “Рождество и Сибирь” атты туристік бағыттардағы көрсетілетін қызмет түрлерінің ауқымдылығы қызықтырады. Құрылғанына санаулы жыл болған агенттігіміз осы уақыт аралығында Қазақстандағы, соның ішінде Петропавлдағы туристік фирмалармен бірігіп, нәтижелі жұмыс атқаруда.
Нұргүл ОҚАШЕВА, “Soltústіk Qazaqstan”.