Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатына кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов қатысып, аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.Басқарма басшысы баяндамасын шағын және орта бизнестегі оң өзгерістерден бастады. Бүгінде бұл салада 35,5 мың субъект тіркелген. Олар 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 224 миллиард теңгенің өнімін шығарған екен. Өңіріміздің экономикалық белсенді әрбір үшінші тұрғыны немесе 32 пайызы шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүр.
Кәсіпкерліктің дамуына “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жаңа серпін берді. 2010 жылы 19 кәсіпкерге 2,2 миллиард теңгенің қолдауы көрсетілсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш еселеп өсіп, 220 бизнес өкіліне 8,4 миллиард теңге беріліпті. Жыл басынан бері үйлестіру кеңесі тағы 101 кәсіпкердің өтінішін қанағаттандырған. 69 жобаны субсидиялау ұйғарылса, 8-і кепілдендірілмек, тағы екі жоба бойынша инфрақұрылым тартылады. “Назарбаев Университеті” АҚ базасында топ-менеджмент курстарын оқу туралы 22 өтініш құпталған екен.
Евгений Глотов облыстағы саны үш мыңнан асатын сауда-саттық орындарында бағаны негізсіз көтеруге жол бермеу, әлеуметтік маңызды тауарлардың құнына мониторинг жүргізу тұрғысында тындырылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Бағаны тұрақтандырудың бір жолы – кәсіпорындардың фирмалық дүкендерін ашу. Жақында Петропавлдың “Береке” шағынауданында “Левин” жеке кәсіпкерлігінің жиһаз дүкені ашылса, маусым айында “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі де өз өнімдеріне арналған сауда орнын пайдалануға бермек. Ал 2017 жылы тағы екі сауда үйі салынады.
“Туризм саласында да серпіліс байқалады. 2015 жылы 876 миллион теңге инвестиция тартылды. “Имантау жауһары”, “Арлан”, “Ардагер” сынды демалыс орындары, марал қанымен емдейтін орталық және бірнеше қонақүй ашылды. Петропавлда тағы үш мейманхананың құрылысы жүріп жатыр”, – деді басқарма басшысы.
Демалушыларға ыңғайлы болу үшін Қызылорда-Қостанай бағытындағы “Тұлпар-тальго” пойызы Айыртау ауданына аялдайтын болды. Әуе қатынасында да жаңалықтар бар. Биыл жазғы уақытта “Анталия – Петропавл – Анталия” чартерлік әуе рейсін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда түркиялық әуе компаниясымен келіссөз жүргізілуде. Петропавл – Мәскеу қалалары арасында әуе қатынасын ашу көзделуде.
Евгений Глотов брифинг барысында журналистердің тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу және “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы туралы қойған сауалдарына жауап берді. “Тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосудың жол картасы жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша биыл облысқа 1,8 миллиард теңге бөлінеді”, – деді ол.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.