«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН АУЫЛ ТҮТІНІ түзу ұшсын десек, Бүркіт Аяғаннан үлгі алайық

Заман қанша өзгеріп, нарық ағымымен алға жылжыса да, жаһандану үдерісі қылғытып, жұтып қоярдай жаналқымнан алса да, тіліміздің, діліміздің, әдет-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің жалғыз қорғанышындай көрінетін ауылды ұлтымыздың мәйегі санайтынымыз рас. Жалаңаяқ жер басқан, дала кезіп, қыр асқан, топшымызды бекітіп, қанат қағып ұшқан алтын ұямыз тал бесіктен жер бесікке жеткенше жадымыздан өшпейтіні, жаңғырып тұратыны сондықтан. Шетте жүрсек, жүрек түкпірінде сыздаған сағыныш алауы жұдырықтай жүректі тулатып, адам жанын ерекше күйге түсіретінін қайтерсің. Сол себепті әрқилы өмір соқпағын басынан өткеріп келе жатқан қазақ ауылдарының түтіні түзу ұшқанына қуанып, жұбаныш тапқандай боласың. Сондай елді мекендердің бірі – Ақтас Жалғызтаудың баурайында, Қамсақты өзеніне тақау жерде, шоқ-шоқ қайыңдар арасында орналасқан. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары әр жерде бытырай қонып, сырттай әрқайсысы өз қазанында қайнап жатқандай көрінгенімен, тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүрген Шаңыраққойған, Ақсұлу, Үшқарағаш, Метірей, Досай, Жұман ауылдарының негізінде құрылып, ұжымшар орталығы болған. Гектар берекесін 100 пұттан асырғаны үшін Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, оның жеңімпазы атанған. Ақтылы қой түлігі он мың басқа дейін жеткен. Ауылдың мәдениеті мен тазалығына қатысты ұйымдастырылған байқауда республикада 3-ші, облыста 1-ші орынды иеленген.

«Ауылына қарап азаматын таны» деп текке айтылмаса керек. Ақтастықтар арасында мемлекет наградаларын алмағандары кемде-кем. Олардың арасында бригадир Жәмет Кәкімов пен комбайншы Орал Тәттібаев жеткен жетістіктердің, бағындырған белестердің орны бөлек. Жәкең Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы», Орекең «Құрмет белгісі», Октябрь революциясы, Ленин ордендерін кеудесіне қадаған. Республиканың Мемлекеттік сыйлығының лауреаты да атанды. Елімізде «КСРО денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері» атағы берілген 4 қана дәрігер болса, солардың бірі – Қаратай Әблин бір мыңнан астам сәбидің «кіндік әкесі» атанған.

Шұбартаулықтардың бастамасына өңірде бірінші болып үн қосқан ақтастық жастар «Арай» комсомол-жастар бригадасын ұйымдастырған. Оның жетекшісі Гүлнәр Төлебаева еселі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Әйбат Кәкенова Қазақстан компартиясының 15 съезіне делегат болып сайланған. Ауыл даңқын асырғандардың бірі – Майра Тәттібаева әке жолын қуып, «К-700» алып тракторын ұршықша үйірді. БЛКЖО-ның ең жоғары марапаты «Алтын» белгі мен Паша Ангелина атындағы Бүкілодақтық жүлдені жеңіп алған. Осы ауылдан әке-шешенің қамқорлығынсыз қалған 110 баланы бауырына басып, жан жылуын дарытып отырған Тұяқ Есқожина апамыздың түлеп ұшқанын айтсақ та жеткілікті. Ақтастың сұлу келбетін көрші Еңбек ауылының тумасы, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов ағамыз әнге қосқан.

Бір ауылдың өткен тарихын қопара қозғап, тарқата айтып отырған себебіміз – бізді кейде мынадай деректер шошындырады: бүгінде Қызылжар өңірінде жұмыс істеп тұрған мектептердің 88-90 пайызы шағын жинақты. Бұл көрсеткіш жөнінен мақтана алмаймыз. Демек, арқа сүйер асқарымыз, маңдай тірер діңгегіміз саналатын ауылдардың қаншасының болашағы көмескі, бұлдыр екенін бағамдай беріңіз. Биыл облыста 30-дан астам орталау мектеп жабылып, бастауышқа айналса, келесі жылы бұдан да асып түсетін түрі бар. Алақандай ауылдардың ертеңгі тағдыры қыл үстінде тұрғаны тұлабойды мұздатып жібереді. Биыл өз алдына отау тіккеніне 85 жыл толып отырған Ақтас ауылының да қатары жыл өткен сайын селдіреп барады. Кешегі 120 түтін 80-ге дейін кеміді. Бұрынғы ажарын бүгінгі базарымен салыстыру қиын. Ауылдың сыртта жүрген беткеұстар азаматтарының қозғауымен 90 орынды білім үйі салынбағанда бұл елді мекеннің де жұрты ойсырап жатар ма еді, кім білсін? Осы арада аға ұрпақтың тәлімгерлік, бастамашылдық ізін жалғастырушы буынның ішінде Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі ғалым Бүркіт Аяғанның есімі мақтанышпен әрі бөле-жара айтылуы кездейсоқ емес. Ол талай жауапты қызметтер атқарды. Ғылымға сіңірген еңбегі – өз алдына. Атасы Аяғанды үлкен де, кіші де «Әйем» деп сыйлап, құрметтеген. Ол кісінің керемет қасиеттері әлі күнге дейін аңыз ретінде айтылады. Үйінің маңы зообақтан аумайтын. Аң-құстың нешеме түрлерін асырап, бәрінің тілінде сөйлесетін. Тума биолог, орнитолог дерсің. Ел ішін аштық жайлағанда аң аулап, ауылдастарын асыраған. Ісмерлігі кереметтұғын. Тері илеп, етік, киім тігетін. Бір ғасырға жуық өмір сүруі сүйегінің асылдығын аңғартса керек. Осындай тектілік қасиеттерді бойына қондырған Бүркіт Ғелманұлы билікке беделін сала, сөзін өткізе жүріп бүкіләлемдік қаржы дағдарысы оттай лаулап тұрған тұста шымқай қызыл кірпіштен өрілген, екіқабатты білім ошағының салынуына зор еңбек сіңірді. Әйтпеген жағдайда бой көтеруі екіталай еді. Ыстық, суық суы, дәретханасына дейін ішінде. Атшаптырым спорт залының өзі неге тұрады? Бүкең мұнымен де шектелмеді. Озат оқушылар үшін арнайы шәкіртақы тағайындады. Балғын аяқдоп шеберлерін бастан-аяқ киіндірді. Мектепке спорт жабдықтарын, әдістемелік оқу құралдарын сатып әперді. Шағын кітапхана сыйлады. Алғашқы ұстаздарын есте қалдыру мақсатымен арнайы кабинеттер жабдықтап, есімдерін берді. Бұл игілікті істер оның жеке қаражаты арқылы жүзеге асырылды. Өзгелер үлгі-тағылым аларлық демеушілік көрсетуден әлі күнге дейін қол үзген емес. Уақытының тығыздығына қарамастан, ұстаздар мейрамы қарсаңында ұйымдастырылатын шараға арнайы келу, ақшалай, заттай сый-сияпаттар көрсету – жылдағы әдеті.

Жуырда Құрбан айт мерекесінде мектеп оқушылары мен мұғалімдерге естен кетпес тарту-таралғылар жасады. Бес ауылдың балғын спортшылары арасында футзалдан жарыс ұйымдастырылып, аса тартысты өткен додада Ақтастың командасы жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Екінші, үшінші орындарды Бұлақ және Жарқын ауылдарының оқушылары бөлісті. 7 гол соққан Әлішер Жұмабек «Ең үздік шабуылшы» атанды. «Ең үздік қақпашы» деп танылған Александр Грицайға «Егемен Қазақстан» газетінің сыйлығы берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ауыспалы кубок, бағалы сыйлықтар, спорттық киімдер, грамоталар, мектеп ұжымына Алматы, Астана баспаларында жарық көрген бағалы кітаптар тапсырылды. Бүкеңнің досы, тарих ғылымдарының докторы, бірнеше оқулықтың авторы Зиябек Қабылдинов өз атынан белгілеген сияпатты Петропавл медицина колледжінің студенті, оқу озаты Айзада Серкешке ұсынды. Жерлесіміздің ауыл қарияларын жинап, аруақтарға Құран бағыштауы, құрбан шалып, үлкендердің батасын алуы да сауапты істердің бірі.

Бүркіт Ғелманұлының жаңбыр жауса, езіліп, ми батпағы шығып жататын, долы боран соқса, қатынас үзіліп қалатын грейдер жолға қиыршықтас төсеттіруіне жұртшылықтың алғысы шексіз. Ол әңгіме арасында әлеуметтік салаларда қордаланған проблемаларды шешуде мемлекетке ғана иек арта бермей, осы маңайдан алтын кенін қазуға кіріскен фирмаларды жұмылдыру қажет деп санайды. Ол үшін Серік Сәлменов секілді ақылман ағаларымен кеңесе келіп, ынталы топ құруға кіріскен. Ондағы мақсат – бағалы кен өндіріп жатқан компаниялардың заң талаптары аясында жұмыс атқаруын қадағалау, түскен табыстың бір бөлігін жергілікті жағдайды түзеуге, аз қамтылған жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуге ықпал жасау.

Иә, елім деп егілу, жерім деп тебірену жеткіліксіз. Халқым деп қанша жерден аһ ұрғанмен, құр сөз демеу болмайды. Тамшыдай болса да үлес қосу – нағыз азаматтық іс осы! Қазір нағыз қимыл-қарекеттің уақыты. Елбасының сөзімен айтсақ, «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауға тиіс».

Олай болса, Б. Аяғанның шетте жүрсе де, туған жерін бір сәт те ұмытпай, ұдайы қамқорлық көрсетуі өзгелерге ой салып жатса, шалғайдағы шағын қазақ ауылдарының ажары мен базары жараса түсері анық. Сыртта жүрген жерлестерінің көмегіне зәру, аялы алақанын асыға тосып отырған ауылдар қаншама?!

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp