Өңіріміздің аманатын арқалап, Парламентке сайланған депутаттардың қарасы бір төбе. Солардың бірі Михаил Трошихин – Мәжілістің алғашқы үш шақырылымы бойы депутат атанып, ел сеніміне ие болған азамат. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Михаил Трошихинмен Ата Заңымыздың қабылдануы мен еліміздің құқықтық базасының қалыптасуы жайлы әңгімелескен едік.
– Михаил Васильевич, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін заманның талабына жауап беретін Конституциясын қабылдады. Ел ішіндегі тұрақтылықты, қоғамдық келісімді қамтамасыз еткен басты құжат қиын-қыстау жылдарда Қазақстан халқын біріктіріп, сыннан сүрінбей өтті десек болады. Осы орайда бізге Ата Заңымыз қабылданған кезді баяндап берсеңіз.
– 1991 жылдан 1995 жылға дейінгі өтпелі кезеңде қатал орталықтандырылған командалық экономикадан ашық экономикаға өтуге қолайлы Конституция талабымен өмір сүрдік. Еліміз қажетті мемлекеттік билік институттарын да жаңадан құруға мәжбүр болды. Ал бұл жылдары қалыптасқан экономикалық және саяси жағдайды өзгерту үшін тиісті шешім қабылданып, жаңа Ата Заңның жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасының Конституция жобасы халықтың талқысына түсіп, айтарлықтай өзгерістер енгізілгеннен кейін 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданды. Бүгінде бұл қадамның дұрыстығына және дер уақытында жасалғанына көз жеткізіп отырмыз.
Шынында да, қолданыстағы Конституция қоғамдық келісім мен ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың басын біріктіре алды. Осы орайда қазақстандықтар нық сеніммен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басты идеолог және Ата Заңымыздың авторларының бірі екендігін айта алады.
– Сіз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үш бірдей шақырылымының депутаты болдыңыз. Әсіресе, Парламенттің бірінші шақырылымындағы депутаттар ел назарында болды. Себебі, Қазақстан КСРО-дан мұраға қалған заңнаманың орнына заманға лайық жаңасын әзірлеуі қажет еді. Осы міндеттерді қалай жүзеге асырдыңыздар?
– Қабылданған Ата Заңға сәйкес қолданыстағы билік жүйесі қайта құрылып, алғаш рет екі палата – Сенат пен Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасы Парламенті сайланды. Осылайша жоғары төреші – қуатты Президенттік биліктің арқасында биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарының құзыреттіліктерін бөліп берген жүйе өмірге келді. Бұл парламенттік митингілер мен популистік заңдардың қабылдануының алдын алды.
Мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алғашқы үш шақырылымында депутат болдым. 1995 жылдан 2007 жылға дейін депутат болғаным үшін сайлаушы жерлестеріме алғысымды айтқым келеді. Өздеріңіз білетіндей, 2007 жылға дейін төменгі палата – Мәжіліске сайлау мажоритарлы жүйе, яғни аумақтық сайлау округтері бойынша жүргізілді. Бұл жүйенің оң және олқы тұстары да болды. Конституцияны жетілдіру кезінде партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары Демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық және Мемлекеттік комиссиялардың отырыстарында талқыланып, тиісті өзгертулер енгізілді. Осының нәтижесінде бүгін Мәжіліске депутаттар қоғамдық бірлестіктердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынуымен бірыңғай сайлау округі бойынша өтеді.
– Біздің алға жылжуымызға септігін тигізер құқықтық база қаншалықты қалыптасқан деп ойлайсыз?
– 1995 жылдан бері еліміз мемлекеттің экономикалық дамуына және қоғамдық-саяси құрылымын жетілдіруге қажетті барлық заңдарды қабылдады. Өткен жылдар ішінде экономикада және мемлекетті құруда жеткен жетістіктер Қазақстанның тұрақты дамуына жағдай жасады. Бүгінгі таңда “100 нақты қадам” аясында орындалатын Ұлт жоспары мен Бес институттық реформа – кәсіби мемлекеттік аппарат құруды, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді, индустрияландыру және экономикалық өсімді, біртектілік пен бірлікті, есеп беретін мемлекетті қалыптастыруды жүзеге асыруға қажетті құқықтық база жасалды. Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан еліміз барлық бағыт бойынша дамудың сара жолына түскен. Мәселен, өткен жылы еліміздің агроөнеркәсіп кешені қарқынды өсім нәтижесін көрсетті. Биыл да қамбамыз астыққа толып, мал шаруашылығы бойынша өнім көлемі ұлғаяды деген зор сенім бар.
– Сіздің ойыңызша, Қазақстан халқы Конституциямызда жазылған талаптарды толық орындауы үшін қандай жұмыс атқару керек?
– Еліміздің Ата Заңы – Қазақстан азаматтарының құқығы мен бостандығының кепілі. Қоғамның міндеті – Конституцияда көрсетілген талаптарды орындап, қоғамды байыту үшін білек сыбана жұмыс істеп, өзінің де, өзгенің де өмірін мәнді де сәнді етіп өткізу болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.