«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТУҒАН ЕЛІММЕН МАҚТАНАМЫН”

Қазақстан – ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың мекені. Бүгінде елімізді мекен еткен әр этнос өкілі ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан елдің ертеңі жарқын болуы үшін үлес қосуда. Мәселен, өнегелі ісімен, абыройлы еңбегімен көпке үлгі болған облыстық көпбейінді аурухананың рентгенэндоваскулярлық хирургия және сәулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Те отандық медицинаның өркендеуіне атсалысуда. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында білікті маманмен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қазіргі кардиология саласының жай-күйіне тоқталмас бұрын, өзіңізді таныстыра кетсеңіз. Медицина саласын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Ата-анам мектепте ұстаз болып еңбек етті. Мамандық таңдауда маған дұрыс жол сілтегендері үшін ризамын. Ауылдағы мектепті үздік тамамдап, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының емдеу ісі факультетіне оқуға түстім. Медицина академиясының білікті оқытушылық құрамы мен білім беру ұйымының ғылыми әлеуеті және мықты оқыту базасының арқасында жетінші курста облыс әкімінің стипендианты болдым. Сол жақта жалпы хирургия бойынша интернатурада білім алдым. Бірде солтүстік өңірде медициналық ұйымдарда дәрігерлер жетіспейтіні, бұл жақта мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы жарнаманы көзім шалды. Сөйтіп, оқу бітірісімен, яғни 2005 жылы Қызылжарға жол тарттым.
– Еңбек жолыңызды өзіңізге жат өңірде бастау қиын болған жоқ па?
– Дәрігер-хирург ретінде алғашқы еңбек жолым Рузаевка ауылдық ауруханасынан басталды. Жас маман болғандықтан басында біраз қиналдым. Мен үшін ауылдық аурухана үлкен тәжірибе алаңы болды. 2009 жылы елімізде кардиология және кардиохирургия қызметін жетілдіру қолға алынып, Петропавл қаласындағы №2 қалалық ауруханада қайта даярлаудан өттім. Кейін Литвада білімімді жетілдірдім. Ол жақта рентгендік-васкулярлық хирургия мен интервенциялық кардиологияның бірегей технологиясын меңгердім. Бүгінде рентгендік-васкулярлық хирургия алдыңғы қатардағы инновациялық ғылым екенін айтқан жөн. Ол жыл сайын даму үстінде, сондықтан емдеу ісі мен диагностикалау әдісі жетілдірілуде. Науқастардың жүрегіне ота жасауда жаңа медициналық құрал-жабдықтар, озық технологиялар қолданылуда. Ал науқастардың тез сауығып кетуіне заманауи құрылғылардың көмегі зор.
– Енді негізгі кәсібіңізге қарай ауыссақ, бүгінде өңірімізде жүрек-қан тамырлары жүйесі бойынша қандай ауру кеңінен таралған?
– Қазір өлім-жітім бойынша ишемиялық жүрек ауруы көш бастап тұр. Әлемде ота жасаудың озық үлгілері тәжірибеде қолданылып, кардиологияның дамуына айрықша көңіл бөлінсе де, жүрек аурулары бойынша сырқаттану деңгейі жоғары. Жоғарыда айтып өткенімдей, осыдан он жыл бұрын елімізде кардиология саласының дамуына айрықша көңіл бөліне бастады. Соның нәтижесінде облыстарда кардиологиялық орталықтар ашылды. Бұл интервенциялық және кардиохирургиялық қызметтің дамуына үлкен септігін тигізді. Бүгінде науқастар бұрынғыдай кезек күтіп, ота жасату үшін өзге өңірлерге бармайды. Жергілікті жерде оларға тиісті көмек көрсетілуде. Бұдан өңірімізде медицина саласының әлеуетінің жоғары екенін аңғарамыз. Денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар әрі жыл сайын бөлінетін қаржы қомақты.
– Көп тіл білу – әлемдегі ғылым құпияларына үңіліп, білім кеңістігінде еркін самғауға, өз қабілетіңді танытуға мүмкіндік беретін бүгінгі күннің ең басты қажеттілігіне айналды. Сіздің бірнеше тіл білетініңіз бізге мәлім. Жалпы көп тіл үйренуіңізге не түрткі болды?
– Оңтүстік өңірде туған соң қазақ тілін білмеуім мүмкін емес. Сондай-ақ, орыс тілінен бөлек, заман талабына орай неміс, ағылшын тілдерін білемін. Жұмыс бабымен бірнеше елде тағылымдамадан өтіп, түрлі ауқымды шараларға қатыстым. Мәселен, Литва, Израиль, Оңтүстік Корея, Франция, Италия, Ресей, Австрия, Германия, Испания, Швейцария, Түркия, Чехия сияқты әлемнің бірқатар елдерінде болып, шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу бақыты бұйырды. Бірнеше тіл білудің арқасында шетелдік әріптестеріммен үнемі байланыстамын. Сондықтан көп тіл білу – заман талабы.
– Қазақ халқында “ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді” деген аталы сөз бар. Бірлік, татулық, тұрақтылық ұғымын қалай түсінесіз.
– Береке – бірліктен бастау алады. Біздің бөлімшеде бірнеше этнос өкілі жұмыс істейді. Бір үйдің балаларындай бір-бірімізбен қоян-қолтық араласудамыз. Ынтымақ-бірлігі жарасқан ұжымда татулық орнағанына қуаныштымын. Бұл елімізде жүргізіліп отырған сарабдал саясаттың жемісі деп білемін. Ұлтаралық келісім мен тұрақтылық орнаған елде бақ-береке болады. Бүгінде қазақ еліндегі этносаралық, дінаралық татулық әлемнің көптеген еліне үлгі. Бұл мемлекеттік саясатымыздың, этносаралық және дінаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап, нығайтудағы бағытының дұрыстығын дәлелдейді. Әр адам туған жерін құрметтеуі тиіс. Еліміздің тыныштығын сақтап, бақ-берекесін келтіру біздің парызымыз болып саналады. Мен туған еліммен мақтанамын. Әлемнің көптеген елінде іссапармен болғанда шетелдік әріптестеріме Қазақстанда көп этнос татулықта, бірлікте өмір сүретінін айтамын. Олар таңдай қағып, таңғалады. Осындай бейбіт, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің азаматы болғаным үшін өзімді бақытты санаймын.

Әңгімелескен
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp