…1997 жылдың күзі еді. Сол жылы Қызылжар өңірінің тосын табиғаты оң қабақ танытпады. Ауа райы мың құбылды. Қыс түспей, қазанның бел ортасында қара жер ақ мамық көрпеге оранды. Бетті қарып түсер үскірік аяз да өзін көп күттіртпеді. “Қыс болмай, қар тізеден келді. Жаз ыстық болады”, – деп ауыл ақсақалдары бұл құбылысты жақсылыққа жорыды. Ол болса келер жазды емес, қыстан аман-есен шығудың амалын ойлады. Сондықтан да болар, дәрігер бүгін бұрынғыға қарағанда ерте тұрып, аудан орталығының іргесінде орналасқан ауруханаға жетуге асық. Тәулігіне екі-ақ сағатқа берілетін электр қуаты бүгін таңмен таласа қосылатындығы оның есінде. Себебі, дәл осы екі сағатта дерті әбден асқынып, ота жасаудан басқа амал қалмаған сырқаттардың тағдыры шешілмек. Хирургия бөлімшесіндегі ота бөлмесі әзірленді. Науқас та дайын. Сәтін салса, бәрі ойдағыдай болу керек. Электр қуаты кешегідей берілмеуі де мүмкін. Бір мезетте күретамырға ыстық қан жүгіргендей қуат көзі қосылды. Уәлиханов ауданының емдеу мекемесінің бас дәрігері, жоғары білікті хирург Төлеген Иманов та өз жұмысына кірісті…
Содан бері он жеті жыл өтті. Ол ауруханаға кірген сайын оның жылдан-жылға көркейіп келе жатқанына қуанады. Емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасы нығайды. Соңғы үш жылда хирургиялық, терапиялық, қабылдау бөлімшесі, ас әзірлейтін бөлік, дәріхана және стационар жөнделді, аурухана қазандығының шатырлары ауыстырылды. Бүгінгі күні емхана ғимаратына да жөндеу жұмыстары жасалуда. Аурухананың осы жылдар ішінде жеткен жетістігі, әрине, ғимарат ішінің жаңартылуымен өлшенбейді. Ең басты көрсеткіш – аудан тұрғындарының денсаулығының жылдан-жылға жақсара түсуінде.
Он жылдан астам уақыт бойы бұл ауданда ана мен бала өлімі тіркелмеген. Халық санының табиғи өсімі облыс бойынша 1,7 пайызды құраса, ауданда бұл көрсеткіш 6,2 пайызға жеткен. Ал онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім де, ауру-сырқаулық та облыстық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Аурухананың облысымыздағы аудандық емдеу мекемелерінің ішінде көш бастап тұруы да содан. Мұның барлығы жылдар бойы қалыптасқан жүйелі жұмыстың нәтижесі. Басқарушылық қабілеттің көрсеткіштері болса керек.
“Адамды еңбек шынықтырады” деген сөз бар. Төлеген Талғатұлының еңбек жолына зер салғанда бұл сөздің ақиқатына көз жеткізе түскендей боласың. Ол еңбекпен шынығып өскен. Ал сол еңбегінің ар жағында туған халқына деген құрметі, перзенттік парызы сезіліп тұрады. Дәрігер Уәлиханов ауданының Ақтүйесай ауылында дүние есігін ашқан. Кіндік қаны тамған ауылының ауасымен тыныстап, саз балшығында асыр салып, ойын қуды. Туып-өскен елінде қызмет етуді көздеді. Сыныптас жан досы екеуінің медициналық мамандықты таңдауының сыры да осында.
Төлеген Талғатұлы оқуын 1974 жылы аяқтайды. Бір жылдық интернатураны Көкшетау қаласындағы аурухананың базасында өтеді. Ол ота жасауды осында бастады. Сол жылдың тамыз айында Уәлиханов ауданының орталық ауруханасындағы хирургия бөлімшесінің дәрігер ординаторы болып қызметке орналасады. Оның аудандағы еңбек жолы осылай басталады. Төлеген Талғатұлы көп ұзамай әріптестері мен науқастары арасында қолы жеңіл хирург атанды. 1979 жылы өзі істейтін бөлімшенің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. “Еңбегіне қарай – құрмет” демекші, дәрігер жемісті қызметінің арқасында мансап баспалдағымен көтеріледі. 1982 жылдан аурухананың бас дәрігерінің орынбасары міндетін атқара бастады. 1990 жылдан бүгінгі күнге дейін аурухананы басқарып келеді. Ширек ғасыр аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде ұлан-ғайыр істер атқарылды.
Өткен күндерді еске алған Төлеген Талғатұлы:
– Ата-бабаларымыз ежелден аңсаған егемендігімізге қол жеткізгендігімізге балаша қуандық, – дейді ол. Сол кезде Елбасы алдымызда зор қиындық тұрғанын, нарықтық қатынастардың қарапайым халыққа ауыртпалығын ала келетіндігін, дамыған елдер өткен өтпелі кезеңнен еліміздің де өтуі тиіс екендігін айтқан болатын. Ұстаздармен қатар, медицина саласындағы қызметкерлерге еңбекақы жүйелі түрде төленбеді. Аурухана үшін ең қиын кезең 1997 жыл болды. Электр қуаты тәулігіне екі-ақ сағатқа берілді. Әлі есімде, қарашаның 24-і болатын. Ауа температурасы 24 градусты көрсетіп тұрды. Сақылдаған сары аяз шыдатар емес. Қазандықтың суын ағызып тастадық. Соған қарамастан, батареялар жарылып кетті. Аурухананың іші сұп-суық. Тісің тісіңе тимейді. Ота жасайтын бөлме де суып барады. Наркоздағы науқас ота үстелінде тоңып, дір-дір етеді. Ал ота уақтылы жасалу керек. Онсыз оның денсаулығы мүлде сыр беруі мүмкін.
Гиппократ антына адалдық танытқан дәрігер қиын жағдайдан да шешім табуға тырысты. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Төлеген Имановпен бірге қызмет етіп келетін оның орынбасары, терапевт дәрігер Райза Сейтімованың айтуынша, сол жылдары аурухана жұмысын бір сәтке де тоқтатпаған. Отаға қажетті құрал-жабдық пен хирург киім-кешегінің зарарсыздандырылуы да электр қуатына тәуелді еді. Ал отаға тек стирилденген құралдар қолданылады. Жарықты тәуліктеп бермеген кездері бұл құрал-жабдықты Уәлиханов ауданымен көршілес орналасқан Омбының Павлоград аудандық ауруханасына апарып, зарарсыздандырып жүрді.
– Жүкті әйелдің толғағы қысып, әне-міне дүниеге сәби әкелуі тиіс еді. Төлеген Талғатұлы бастаған дәрігерлер әйелді бақылауға алдық. Бастапқыда барлығы ойдағыдай еді. Дүниеге шыр етіп сәби келді. Кенеттен әйел қан жоғалта бастады. Ал ол әйелдің қан тобы сирек кездесетін. Ауданда ондай қан тобы қайдан табылсын?! Не істерімізді білмей, дәрігерлер абдырап тұрғанда Төлеген Талғатұлы ота үстелінде жатқан әйелмен оның қан тобы сәйкес келетіндігін айтып, медбикелерге өзінен қан алуды тапсырды. Пайғамбар жасына келсе де, ол осы күнге дейін облыстық қан орталығына үздіксіз қан тапсырып тұрады. Себебі, өзінің қан тобының сирек кездесетіндігін жақсы біледі, – дейді Райза Сейтімова.
Төлеген Талғатұлы – облысымыздағы жоғары санатты хирург дәрігер. Және іскер ұйымдастырушы. Ол үшін ұсақ-түйек мәселе жоқ. Дәрігердің мінезіне бұл қасиет мамандығынан дарыған десе де болады. Үнемі адам жаны үшін күресіп, ота жасап жүрген хирург дәрігерге әрбір миллиметр маңызды. Сондықтан да туындаған мәселенің ол үшін үлкені не кішісі жоқ. Барлық мәселе өз уақытында шешім табуы тиіс.
Ақ халатты абзал азамат талай жанды өлім аузынан арашалап қалды. Бірақ оны санап жүрген дәрігер жоқ. Оның діттегені – науқастарды емдеу, аурухана жұмысын одан әрі жақсарту. Қазіргі таңда ауданда 75 жатын орынға шақталған орталық ауруханадан басқа екі дәрігерлік амбулатория бар. Медициналық пунктің саны – 21. Және фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істейді. Ал бұл медициналық мекемелерде 272 адам қызмет етеді. Оның 23-і – дәрігер, 126-сы – орта буындағы медициналық қызметкерлер. Облыс бойынша медициналық қызметкерлердің біліктілігі жөнінен өзге аудандардан алда тұрған да осы аурухана. Еңбегі еленіп, түрлі деңгейлі марапат иегерлері де бар. Бас дәрігердің өзі әр жылдар ішінде “Денсаулық сақтау үздігі” белгісімен, “Құрмет” орденімен марапатталған, Уәлиханов ауданының Құрметті азаматы.
Ауруханада кадр тапшылығы оң шешім тапқан. Қызметке жас дәрігерлер орналасуда. Қазіргі таңда аурухананың хирургиялық және жалпы терапиялық бөлімшелеріне жас дәрігерлер жетекшілік етіп келеді. Бас дәрігер жас әріптестерін тәуелсіздіктің жемісіне балайды. Және біліктілігін де жоғары бағалайды. Оларға қарап, өзін көргендей болады. Себебі, олар да Төлеген Талғатұлы сыңайлы еңбек жолын туып-өскен ауылынан бастауды жөн көрген сол елдің азаматтары, ізін басқан әріптестері.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Уәлиханов ауданы.
								
								