
Уәлиханов ауданында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Серік Тоқпанов науқастарға ота жасап, кейін өнерсүйер қауымның басын қосып, концерт берді.
Дәрігер Уәлиханов аудандық ауруханасында “Ауылдық хирургиядағы лапароскопиялық технологиялар” атты тақырыпта шеберлік сағатын өткізіп, елімізге белгілі хирург, профессор Владимир Котлобовскиймен бірге бірнеше науқасқа телевизиялық оптикалық камераның көмегімен ота жасады. Кейін Серік Тоқпанов жерлестеріне арнап концерт қойды. Туған жерге табан тіреген дәрігер көңілді толқытқан тебіренісін, туған жерге деген сағынышын әсем әнмен жеткізді. “Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” демекші, бұл кештің біз үшін орны бөлек. “Жан досым” әнімен бастау алған концертте қазақ, орыс, украин, әзірбайжан тілдерінде жанды дауыста ретро шығармалар орындалды.
Залда сілтідей тынған тыныштық орнады. Әншінің жүрегінен шыққан есті әнге еліткен көрермен ерекше әсерге бөленді. Рухани құндылыққа шөліркеген жұрттың көңілі ән шәрбатымен сусындады. Кеш барысында дәрігер балалық шағы мен жастық кезеңін еске түсіріп, отбасы туралы қызықты әңгімелер айтты.
– Жас кезімде ән айтып, спортпен шұғылдандым. Ленинград консерваториясынан ұсыныс түсті. Бірақ мен дәрігер болғым келгендіктен, бас тарттым. Сөйтіп, Қарағанды медицина институтына оқуға бардым, – деді ол.
“Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін” демекші, әкесі Имақтың көзін көрген ауыл ақсақалдары баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді. Үш сағатқа созылған кеш бір демде өте шықты. Соңында аудан әкімі Медет Оспанов Серік Имақұлына алғыс айтып, қазақтың салты бойынша сыйсияпат жасады.
Қарлығаш НОҒАЕВА.
Сурет https://weproject.media/ сайтынан алынды.