«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДЕН ЖЫРАҚ КЕТКЕН ЖАСТАР КӨП

Бүгінде Қазақстан жастарының саны 5,8 миллион адамға жетті. Олар ел халқының үштен бір бөлігін құрайды. Бастамашыл, дарынды, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастар – ел ертеңін қалыптастыратын негізгі буын. Жастарды қолдау мен оларды теріс әдеттерден қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында жастарды елдің стратегиялық ресурсы ретінде атап, «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында саналы, жауапты әрі саламатты ұрпақ тәрбиелеудің маңызын айқындап берді. Осы міндеттер өңірлік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанымен, шешімін күткен мәселелер де аз емес.

Жастан жасамыс көп

Өңірімізде халық саны – 515 422 адам. Оның 128098-і – 14-35 жас аралығындағы жандар. Яғни жалпы өңір тұрғындарының 24,5 пайызын жастар құрайды. Бірақ өңірден қоныс аударған жастардың саны жыл өткен сайын көбеюде. 2023-2024 жылдар аралығында өңірімізде жастардың саны 3873 адамға азайған. Әсіресе ауыл жастары жайлы жер іздеп қыр асып жатқаны белгілі. Шалғайдағы жатқан Уәлиханов, Ақжар аудандарына жастар тұрақтамайды. Құзырлы орган­дар ұсынған деректерге сүйенсек, облыс жастарының 43,5 пайызы Петропавл қаласында шоғырланған екен. Облыс орталығына іргелес орналасқан Қызылжар ауда­нында да жағдай тұрақты. Ал қалған аудандар жастардың әлеуетіне зәру. Бұл – күрделі мәселе.

Қазақстанда Биллетер индексі екінші жыл қатарынан төмендеп келеді. Бұл – халықтың қартаю дәрежесін көрсететін маңызды демографиялық көрсеткіш. Еліміздің басым бөлігінде жастардың саны азайып, зейнеткерлер көбейген. Биллетер индексі 14 жасқа дейінгі балалар мен 50 жастан асқан адамдар санының репродуктивті жастағы (15 жастан 49 жасқа дейінгі) азаматтардың санына қатынасы ретінде есептеледі. Егер кәмелетке толмағандардың үлесі егде топтағы адамдардан көп болса, жағдай жақсы, ал егде жастағылар көп болса, жағдай нашар дегенді білдіреді.

Елімізде аталған индексті 2019 жылдан бастап ұлттық ста­тистика бюросының маманда­ры есептеп келеді. Содан бері ол тек оң мәндерге ие болған. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай об­лыстарында тек зейнет жасындағылар тобы ғана өсіп жа­тыр, ал балалар мен жұмысшылар азайып барады. Бұл еңбекке жарамды тұрғындардың аз екенін көрсетеді.

Жұмыспен қамтылса, сенім артады

Елдегі жағдай ескеріле келе жастар саясатын іске асыратын Жастар ресурстық орталықтары құрылды. Өңірімізде мұндай орталықтар 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда өңірдегі 14 жастар ресурстық орталығының 13-і ау­дандарда, біреуі Петропавл қаласында орналасқан. Олардың жұмысын үйлестіретін қоғамдық даму және ақпарат орталығы жастар саясаты бөлімінің басшысы Анастасия Волкованың айтуынша, жастарды жұмыспен қамту – жа­стар ресурстық орталықтарының негізгі басым бағыттарының бірі. Анастасия Волкованың сөзінше, былтыр орталықтарға 1377 жас жүгінген, оның 921-і жұмысқа орналасуға қатысты нақты қолдау алған. Әлеуметтік желілердегі «Вакан­сия күні» айдары арқылы 950-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар «Жасыл ел» жобасы аясында 656 жас маусымдық жұмыспен қамтылған.

Волонтерлік қозғалыс та қарқынды дамуда. Облыстағы волонтерлер реестрінде 30 мыңнан астам адам тіркелген. 2025 жылы 1800-ден астам волонтерлік іс-шара ұйымдастырылып, жастар экологиялық, әлеуметтік, қайырымдылық және төтенше жағдайлардың алдын алу іс-шараларына белсенді қатысқан.

Сонымен қатар жастарға кеңестік, құқықтық және ақпараттық қолдау көрсетумен қатар, кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру, волонтерлікті дамыту, құқық- бұзушылық пен нашақорлықтың алдын алу бағытында да жұмыстар жүргізуде.

2025 жылдың 10 айында об­лыс бойынша 1710 іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңнан астам жас қатысқан. Олардың ішінде нашақорлықтың ал­дын алуға арналған хакатондар, спорттық жарыстар, интеллектуалдық ойындар, жастар форумдары және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері бар.

Жаман әдеттен сақтау жолы

Өңірде нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Бұл бағытта облыста кешенді жоспар жүзеге асырылып, оған мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар, жастар ресурстық орталықтары, волонтерлік құрылымдар және құқық қорғау органдары кеңінен тартылған.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Рус­лан Үмбетовтің айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсы­рыс көлемі жылдан жылға ар­тып келеді. 2025 жылы облыста жалпы сомасы 22,3 млн. теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылған. Бұл жобалар жастар арасында ақпараттық-ағартушылық жұмысты күшейтуге, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Жыл басынан бері облыс аумағында 280-нен астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Бұл іс-шараларға 10 мыңға жуық жас қатысқан. Олар дөңгелек үстелдер, спорттық акциялар, кездесулер, әлеуметтік желілердегі кең көлемді ақпараттық науқандар, сондай-ақ есірткі жарнамасы бар граффитилерді жою жұмыстарына атсалысыпты.

Сонымен қатар Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай облыста ар­найы айлық ұйымдастырылған. Осы кезеңде 150-ден астам мәдени, спорттық және ағартушылық іс-шара өткізілген. Бұл бастамалар жастар арасын­да саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға және зиян­ды әдеттерге қарсы көзқарасты нығайтуға ықпал еткен.

Нашақорлықтың алдын алу жұмыстары тек қала аумағымен шектелмейді. Руслан Үмбетовтің сөзінше, ауыл жастарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Шалғай елді мекендерде мектеп оқушыларына арналған тақырыптық сабақтар, психолог­тармен кездесулер және ата-аналарға кеңес беру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл – қауіптің алдын алудағы маңызды қадам, өйткені ауылдық жерлерде ақпараттың қолжетімсіздігі мен мамандар тапшылығы әлі де сезіледі.

Жан-жақты қолдау кемшін

Елдің болашағы саналатын жастарға сенім жүгін арту үшін оларға бүгіннен жан-жақты қолдау жасалуы керек. Алайда жүйелі түрде шешімін таппай тұрған мәселелер бар. Анаста­сия Волкованың айтуынша, кадр тұрақсыздығы – ең өзекті проблемалардың бірі. Бұған, ең алдымен, жалақының төмендігі мен жұмыс көлемінің көптігі әсер етуде. Қазіргі таңда орталық мамандарының орта­ша жалақысы 90-130 мың теңге шамасында.

Соңғы бес жылда бірқатар аудандарда жалақыға жергілікті бюджет есебінен 30 пайыздан 100 пайызға дейін үстемақы қосылғанымен, бұл шара мәселені толық шешіп отырған жоқ. Сонымен қатар жеке ғимараттардың болмауы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен штаттық бірліктердің жетіспеушілігі орталықтардың мүмкіндігін шектеп отыр.

Солтүстік Қазақстан облы­сында жастар саясаты, оның ішінде нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі ауқымды түрде жүргізіліп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Қабылданған кешенді шаралар жастар арасында есірткіге қарсы теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Жастар ресурстық орталықтары бұл саясаттың алдыңғы шебінде жұмыс істеп келеді.

Бірақ орталықтардың кадрлық, қаржылық және инфрақұрылымдық мәселелері шешілмейінше, қол жеткізілген нәтижелерді баянды ету қиын болмақ. Сондықтан жастар саясатының тиімділігін арттыру үшін тек жобалар санын көбейту ғана емес, оны іске асыратын мамандарға лайықты жағдай жасау күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала бермек.

Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Жастардың тағдыры мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде ғана емес, елдің ертеңгі егесі ретінде қарағанда ғана оларды қозғаушы күшке айналдыра аламыз.

Назым ЕСІМ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp