«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДЕН ҚОЛ ҮЗБЕЙМІЗ

Ресей шекарасынан бері өтіп, көлігіміздің дөңгелектері Қазақстан жеріне тиген кезде бойды еріксіз бір тылсым күш билейді. Бұл далада өзімізбен тарихы, тіл мәдениеті, салт-санасы, жан дүниесі, қаны мен жаны, келешек тағдыры тұтасқан қазақ халқы өмір сүріп жатқаны қанаттандырады.

Ес білгелі Ресей Федерациясына қарасты Қорған облысының Петухово қаласында отбасымызбен тұрып жатсақ та, туған елден, ондағы туысқандардан қол үзген емеспіз. Жұмыс бабымен бір бөлек, әр демалыс сайын “Қызылжарым, қайдасың?” деп, көлікке от алдырып, жолға шығамыз. Қазақстан жеріне табан тіреген соң жүрек жайланып, көңіл тәтті күй шертіп сала береді.

Елден жырақта жүрсек те, Қазақстан экономикасының дамуына, сыртқы елдермен қарым-қатынаста жаңа белеске көтерілгеніне куә болып жүрміз. Ресей мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығы да нығая түсуде. Қазақстан тауарлары, әсіресе, сүт, ет өнімдері, арақ-шарап, кондитерлік өнімдер Ресейде ерекше бағаланады. Сапасы мен бағасы көңілге қонымды қазақстандық тауарлар бүгінде Қорған облысында ерекше сұранысқа ие.  

Ресейдегі қазақтардың күнкөрісі жаман емес. Ал Петухово қаласында тұратын қазақ отбасыларының әл-ауқаты жақсы деп айтса да болады. Кәрі әке-шешесінің қолын жылы суға малып, шаруаларын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де жеткілікті. Бұл жақта да туған тіл, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты ұстанып, оны келер ұрпаққа аманат етудің барлық амал-әдістері жасалуда. Туған жердің айтулы мерекелерін тойлау, қой сойып, қазан көтеру игі дәстүрге айналған.

Спутник арқылы теледидардан Қазақстанның барлық өңірлерінің хабарларын қарап отыратын қарт анамыз жағымды жаңалық естісе қуанып, шүкірлігін айтып отырады. Көңілсіз хабарға балаша кейиді. Оның туған жерге деген сағынышын сол сәтте ерекше аңғарасың. Кішкентай ұлымның сағынышы – Қорған облысында жоқ Қызылжардағы аквапарк. Сол себепті елдегі ағайынның той-томалағына баратын сәтте әжесі мен немересінің жолға аттануға деген құлшыныстары ерекше. Ресейдің тақтайдай жолдарынан өткеннен кейін Қазақстанның бұдыр-бедері көп жолдарын көңілдің тегістеп жіберетіні де сондықтан…

Ержан ЕСҚОЖИНОВ,

Петухово қаласының тұрғыны.

Ресей Федерациясы,

Қорған облысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp