«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖУАСЫ

Жұбайым телефон арқылы амандығын білмекші болып Алматыда тұратын туысы Борашқа хабарласқан еді, ол елге келуге жиналып жатқанын, әкесінің басына зиярат етпек ойы бар екенін айтыпты.

Оның азан шақырып қойған аты Боран болатын. Бала күннен Бораш аталып кеткенді. Әкесі Мәжит – Балуан ауылының тумасы. Ал Зағыпыран аты ұмытылып Бәйжәң аталып кеткен анасы – Жамбыл ауданының қызы. Екі беті қып-қызыл болып жүретін Бәйжәң тәтеміз дөңгелек жүзді көркем кісі еді. Ол соғыстан кейінгі жылдары ауылда сауыншы болып еңбек етіпті. Оның еңбекқор бейнесі, бала болсам да, есімде қалыпты. Есімде қалуының тағы бір себебі, ол анам Бағирамен бірге жұмыс істеді. Екеуі бірге жүріп, құрбылардай сыйласты.

Осыдан жиырма жыл бұрын қызым науқастанып, Алматыға апарған едім. Сонда Бәйжәңнің үйіне тоқтадық. Елден келгенімізді естіген ол әңгімені: “Кімнің баласысың?” – деген сауалдан бастады. Әке-шешемді атағаным сол еді, орнынан атып тұрып, әбігерленіп қалды. Ол кезде Бораш үйленген, балалары бар. Бәйжәң солармен бірге тұрады. Бораш та, зайыбы да – Мәскеудегі Ломоносов атындағы мемлекеттік университеттің түлектері. Ол кезде Қазақ мемлекеттік университетінде жақсы оқығандар соңғы курстарда Мәскеу университетіне жіберілетін. Бораш Алматыда көп жыл бойы аударма саласында еңбек етті. Көптеген шығармаларды қазақ тілінен орыс тіліне аударды. Аудармаларының тілі жатық, ойы орамды болатын. Бораштың қаламынан туған шығармаларды жата-жастана оқитынбыз. Зайыбы Файзия қазақ энциклопедиясын құрастырушылардың бірі ретінде өмірден өз орнын тапты.

Бораш өткен жылдың жазында келген кезде бізге “Қазақтың інжу-маржан мекендері” атты фотоальбомын тарту етті. 239 беттен тұратын қалың кітаптан кең-байтақ қазақ елінің ең бір көркем жерлерін тамашалауға болады. Автор туған жердің әсем көріністерін зор махаббатпен, үлкен шеберлікпен танытуға тырысқан. Фотоальбомдағы суреттерді көре отырып Бораштың баспаған тауы, бармаған жері жоқ екенін көресің. Кітап Алматы қаласындағы “Елнұр” баспасынан басылып шығыпты. Әр суретке қазақша, ағылшынша түсініктеме берілген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, дизайнер, “Елнұр” баспасының өндіріс директоры Шахан Маханбетов фотоальбомға төмендегідей баға беріпті: “Назарларыңызға ұсынылып отырған фотоальбом қазақ медиасында ерекше қолтаңбасымен өзіндік із қалдырып келе жатқан белгілі журналист, аудармашы әрі фотосуретші, жан-жақты білім иесі Бораш Кәкеннің жарықпен жазу (фотография) өнері саласындағы көп жылдық еңбегінің жарқын жемісі деп білген жөн. Ол алғашқы фотоальбомында ұлан-ғайыр еліміздің өзі болған жерлерден түсірген тамаша табиғат суреттерін көрсетуді, Қазақстанның ғажайып төл табиғатын әлемге паш етуді мақсат еткен”, – делінген.

Менің білуімше, әкесі дүниеден озған соң анасымен бірге Алматыдағы нағашыларына көшіп кеткен кезде Бораш он жаста еді. Бәйжәңнің Бораштан басқа Алма, Бақша, Сайран деген үш қызы болған. Алма үйлі-баранды болған шағында жастай дүниеден өтіп кетті, артында жалғыз қызы қалды. Бақшасы – Астана қаласында, Сайраны Алматыда тұрады. Бәйжәң тоқсанға жетіп, дүние салды. Келін-баласы аналарын алақанына салып, аялап, ақтық сапарға шығарып салғанын білеміз.

Бораш елге келмегелі отыз жыл болыпты. Зымыраған уақыт десеңші?! Бүгінде ол асқар таудай әке, бәйтеректей ата болды.

Қазақ қонақ келсе, ішер асын жерге қояды емес пе?! Жолдасым пойыздан Борашты өзі қарсы алды. Қадірлі қонақтар келеді деп абыр-сабыр болып қалдық. Ақ сары, көркем жүзді, орта бойлы ел ағасы кіріп келгенде Борашты жазбай таныдым. Тіпті, оның бала күнгі бейнесі көз алдыма елестеп кетті. Шикі сары, торсық шеке бала болатын. Жүрісі ширақ.

Кеш бойы дастарқан басында Бораштың құрметіне жиналған қонақтар қызу әңгіме құрды. Өткен-кеткенді, ауылдың бұрынғы адамдарын айтып, біраз көңілдерін тарқатты. Бір-екі күннен кейін бір машина болып, ауыл жаққа, яғни Балуанға тарттық. Әр адамға туған жері ыстық қой. Жылда барып жүрген менің өзім туған жердің топырағына табаным тигенде, толқып қалдым. Өткен күндер еске түсіп, көзге жас ұялайды. Бораштың да көңілі аласапыран сияқты, қалың ойдың тұңғиығына кеткен. Отыз жыл бойы жырақта жүрген адамның елге деген сағынышын жанары сездіретіндей.

Былтырғы жаз жауынды болды ғой. Біз келе тағы да ақ жаңбыр басталды да кетті. Бораш ауылда тұратын інісіне ауыл адамдарын шақырып, дәм беріп, марқұм болған ата-анасына аят оқытқысы келетінін айтты. Ауылда үй басы азайған, бар-жоғы төрт табақ кісі жиналды. Келгендердің арасында Бораштың ата-анасын көзі көргендер де бар. Ата-анасына, бақилық болғандарға дұға оқытқан оған жұрт риза болып тарқасты.

Бораш ауылда болған үш күн бойы үйде отырмады. Жауын-шашынға қарамастан мойнына фото-аппаратын іліп алып, ауылдың айналасындағы көлдерді, орман, шалғындарды аралады. Бәріміз бірге Қантайлардың қыстауы болған “Ботайға” бардық. Жауын көп болғандықтан, ескі жұртты шөп басып қалыпты. Бораш, бала кезі есіне түсіп кетті ме, қалың шөптің үстіне жата кетті. “Қандай керемет!” – дейді шаттанған дауыспен. Шөптің түр-түрі бар. Жап-жасыл болып жайқалған шөптің арасындағы қызылды-жасылды дала гүлдері жерге кілем төсеп тастағандай көрініс береді. Бораштың қолындағы аппарат та тыным таппайды. Шыртылдатып түсіріп жатыр. Бораштың көзі өсіп тұрған жуаға түсті. Ол жуаның бір талын аузына салды да: “Туған жердің жуасы да тәтті” деген осы екен-ау!” – деп екі қолын екі жағына жайып, кеудесін кере ауаны емірене жұтты….

Зейнеп ТӘНІБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp