«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ТӘТТІ

Мен кіндік қаным тамған қазақ жерін өз Отаным санаймын. Туған-туысқандарым, достарым әлемнің көптеген елдерінде тұрып жатыр. Мен оларға қонаққа барғанда Қазақстанға тезірек оралуға тырысамын. Өйткені, туған елдің топырағын басып, ауасымен тыныстағанға не жетсін?! Қызым мен күйеу балам Израильден Петропавлға көшіп келді. Ұлым Америкаға екі рет барып, жерсінбей қайта оралды. Бүгінде отбасым және бауырларым Солтүстік Қазақстан облысын тұрақты мекеніне айналдырды.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елімізде жеке кәсіппен айналысуға бел буған адамға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілетінін анық сезінемін. Сондай-ақ, біздің елімізде этностардың тілін, мәдениетін жаңғыртуға аса мән беріледі. Шетелде тұратын туыстарыма барғанда аңғарғаным, ұлтың басқа болса, ол жерлерде өз ісіңді ашып, кәсіпкер атануың, тіліңді дамытып, мәдениетіңді жаңғыртуың екіталай.

Мен мамандығым бойынша бастауыш сынып мұғалімі болсам да, кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме 20 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде Мамлютка қаласында құрылыс материалдары және азық-түлік дүкендерім бар. Аталған қалада мамандандырылған азық-түлік дүкенін ашар кезде иелігімдегі ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіп, оны жабдықтап, барлық қажет өнімдерді сатып алу керек болды. Ол үшін, әрине, біраз қаржы керек. Бұрындары шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін және ол өңірімізде тиімді жүзеге асырылып жатқанын естіген едім. Аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығынан көмек сұрап барғанымда, олар бірден қол ұшын созды. Осының арқасында ғимараттың іші-сыртын қайта қалпына келтіріп, электр өткізгіштерді, жылу жүйесін ауыстырдым, қажетті құрылғылар мен тауар сатып алдым. Қазіргі таңда мамлюттіктер тауарлардың бағасы мен сапасына ғана емес, барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келетін өнімдерді сақтау шарттарына да разы. Мен үшін бұл аса маңызды.

Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп, бір жылдары аудандық мәслихатта депутат болсам, бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Іскер әйелдер кеңесінің мүшесімін. Осы орайда жылдың басында солтүстікқазақстандық делегация құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Астана қаласында Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен “Қайырымдылық керуені” Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпы ұлттық акциясының қатысушылары, меценаттар мен донорлардың, қайырымдылық ұйымдарының бірінші республикалық съезіне қатыстым. Сол форумда Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу жөніндегі өзекті мәселені көтерген едік. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен бұл мәселе шешілді. Осының барлығы шетелде тұратын туыстарым үшін түс сияқты. Себебі, оларға осындай жағдай жасалып, мүмкіндік берілмеген.

Менің ендігі арманым – кәсібімді бір ізге салғаннан кейін қоғамдық жұмыстармен түбегейлі айналысу. Өзім сияқты кәсіпкерлерді тарта отырып, өңіріміздегі емдеу мекемелеріне қажетті қондырғыларды алғым келеді. Осылай еліміздің медицина саласының дамуына өз үлесімді қоссам деген ойым бар.

Антонина СЕВОСТЬЯНОВА,

жеке кәсіпкер.

Мамлют ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp