«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТУҒАН ЖЕРІМЕН” ТАНЫЛҒАН ТҰЛҒА

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облысымызға танымал кәсіби хореограф Михаил Лахтиннің мерейтойлық концерті өтті. 

Михаил Лахтин облысымыздағы белді би ұжымдарының бірі – “Туған жер” халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі. Облыстық филармонияның жанынан құрылған бұл би ансамблінің негізін салушысы да өзі. Ұжым 2010 жылы құрылып, республикалық деңгейде өзін кәсіби бишілер тарапынан мойындата алды. Олар IV республикалық Шара Жиенқұлова атындағы қазақ би сайысында екінші орын алып, еліміздің өзге ұжымдарын өнерімен таңғалдырғаны да бар. Ұжымның басты жетістіктерінің бірі республикалық маңызы бар Қазақстан халқы Ассамблеясының концерттерінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында өнер көрсетуі болып табылады. Қазіргі таңда ұжымда 16 кәсіби биші қызмет етеді. Ансамбльдің репертуарында қазақ, орыс, украин, белорус, поляк және өзге де ұлттардың билері бар.

Мерейтойлық концертте би ұжымы көрермендерге жаңа билерін ұсынды. “Домбыра аңызы” атты қазақ биі көрерменнің үлкен қошеметіне бөленді. Ансамбль домбыра аспабының пайда болуын, күйдің құдыреті мен ұлттық өнердің халық өміріндегі маңызын бір биге сыйдыра білген. Бұл биді тамашалай отырып, домбыра аспабының пайда болу тарихын қағаз бетінен оқығандай әсерде қалдық.  

Концертте көрсетілген өзге де билер көрермендер тарапынан үлкен ықыласқа бөленді. Әсіресе, Михаил Лахтин жетекшілік ететін №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешеніндегі “Туған жер” би ансамблі студиясының кішкентай бишілері билеген “Посиделки” атты орыс биі көздің жауын алды.

Биылғы жылы 55 жасқа толған өнер ұжымның жетекшісі Михаил Лахтинді мерейтойымен құттықтауға келген облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов би ұжымының облыс өнерінің дамуына сіңірген еңбегін атап өтіп, оған облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp