Биыл біздің өңір үшін жемісті жыл болды. Талай дарынды құндақтаған Қызылжарда қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып, артына өшпес мұра қалдырған Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері мен Мағжан Жұмабаев сияқты тектілердің ме-рейтойлары ел деңгейінде аталып өтілді. Енді, міне, алдымызда тағы бір ауқымды шараны өткізу міндеті тұр.
Қазақстан мен Ресей елдерінің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы біздің облысымыз үшін жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Өйткені, бұл форумға еліміздің әр аймағы мен көрші елден бір мыңнан астам мейман келіп, туризмді дамыту бағытында келелі міндеттерді ортаға салмақ.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бұл шараның тигізетін пайдасы орасан. Екі елдің бизнес қауымдастығының жұмыс ауқымын кеңейтіп, тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды оқиғаны ойдағыдай өткізу баршамыздың міндетіміз болмақ. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өтетін форумға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала көшелері қалыпқа келтіріліп, облыс орталығы ажарлана түсті. Шаһарға кіреберістегі жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы мен теннис орталығы ерекше сән беруде. Заманауи кешендер елдің игілігі үшін салынды.
Айтулы шараға облыстық мемлекеттік мұрағат та қызу дайындалуда. Талай тарихтың куәсі болған бай мұрағат қорын қонақтардың назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз. Форум аясында өткізілетін “Сырға толы Солтүстік: құнды құжаттар құпиясы” атты көрмеге тарихи құжаттар мен құнды жазбалар қойылады.
Халқымыз аласапыран дәуірді бастан кешкен XVIII ғасырда Абылай ханның есімі ерекше аталады. Үш жүздің басын қосқан тарихи тұлға өз заманында Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста ерекше рөл атқарды. Осы байланысты айғақтайтын қордағы бірегей тарихи құжаттарда ресми сауда-саттық қарым-қатынастың орнауы, XVIII-XIX ғасырлардағы жәрмеңкелер туралы деректер бар. Жалпы Абылай ханға қатысты он екі құжат көрермендердің назарына ұсынылады. Олардың ішінде Ресейдің сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан алынған құжаттар да бар. Мәселен, Абылай ханға арнайы салынған резиденцияның құрылысы туралы тарихи деректер қонақтардың қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Сондай-ақ, Абылай ханға қатысты Қытай мұрағаттарынан табылған хаттар да көрмеге қойылмақ.
Қазақтың белгілі сазгері, алдына қара салмаған ақиық ақыны, аспандағы аққуға үнін қосқан дүлдүл әнші Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының 1926 жылы “Бостандық туы” газетінде жарияланған “Абылайдың ақ үйі” өлеңі, Транссібір теміржолын салу құжаттары – қорымыздағы бірегей деректер. Алаш қайраткерлері – Смағұл Сәдуақасов, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев сынды тарихи тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы, өңірден шыққан Ұлы Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік және Қазақстанның Еңбек Ерлері туралы да архивтік құжаттар бар.
Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан тұста Польша елшілігі біздің өңірге жұмыс сапарымен келіп, бірқатар тарихи құжаттарға қол қойған. Оны да қонақтардың назарынан тыс қалдырмауға тырысамыз. Сонымен қатар көрмеде Тәуелсіздік жылдары облысымыздың көрші елдің шекаралас аймақтарымен қарым-қатынас орнатқандығы жөніндегі маңызды құжаттар қойылады.
Туризмді дамыту мәселелері ортаға салынатын келелі жиында қонақтарға өңірдің киелі жерлері туралы да ақпарат берілмек. Әрине, алабын аққайыңдар көмкерген Қызылжардың тұмса табиғатына қызықпайтын адам жоқ шығар. Туризмді дамытып, табысты молайту үшін өңірге туристерді көптеп тарту көзделуде. Сондықтан бай тарихи мұраларды сақтап қалған киелі орындар туралы айтып өтпеу мүмкін емес. Былтыр облыста анықталған он тоғыз киелі орынның алтауы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енсе, биыл олардың саны жиырма беске жетті.
Ақан серінің, Тоқсан би мен Ноғайбай бидің мазарларын да киелі орындар картасына енгізуді ұсындық. Ноғайбай би өз заманында тілге шешен, халқына сыйлы адам болған. Петропавл уезінің бір бөлігін басқарған тарихи тұлға. Қарт тарихтың қатпарында ізі сайрап жатқан би сот жүргізу істеріне араласқан. Атақты абыздардың асыл қасиетін бойына сіңірген Ноғайбай Батырбекұлы туралы деректер аз. Бірақ от тілді, орақ ауызды шешеннің өмірі мен өнегесі жайлы тың деректермен архив қорын толықтырмақпыз.
Келушілердің назарына Қазақстан тәуелсіздігін алған соң мемлекетаралық қарым-қатынастың қалай орнағаны туралы сирек кездесетін деректер де ұсынылады. Тоғыз құжат тұңғыш рет көрмеге қойылмақ. Форум аясында “Бірегей құжаттар” мен алты алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме өтеді. Жыр пайғамбарына арналған көрмені Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханамен бірлесе өткізетін боламыз. Бұл көрмеде ақынның қолжазбаларын пайдалану жоспарда бар. Сонымен қатар 1912 жылы жарық көрген “Шолпан” жыр жинағының көшірмесі қонақтардың назарына ұсынылады. Өйткені, өткенімізге көз жүгіртіп, тарихтың астарына үңілу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Тарихтан тағылым, өткеннен өнеге алу керек.
Қызылжардай шежірелі өлкенің тарихын тану – мұрағаттан бастау алады. Тарихты зерделеп, өткенге көз жүгірту үшін, әлбетте, архив қоры деректеріне сүйенеріміз анық. Сондықтан форум аясында танымдық көрме өткізудің біз үшін маңызы зор.
Сәуле МӘЛІКОВА,
облыстық мемлекеттік архивтің директоры.