
“Nur Otan” партиясы Алматы қаласындағы “Медеу” мұз айдынында қолға алынып, облыс орталығындағы “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталығында жалғасын тапқан “Менің туым, менің Отаным” акциясына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де қатысты.
Шара барысында “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының өкілдері мен жоғары оқу орнының студенттері мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімін өткізді. Өскелең ұрпақтың бойында патриотизм сезімін оятып, мемлекеттік рәміздерді насихаттауға бағытталған шараға жастардың белсене атсалысқаны қуантады.
Университеттің бірінші оқу ғимаратында студенттер қолдарына жалауша ұстап, жұртшылықты акцияға қатысуға шақырды. Шарада сөз алған “Nur Otan” партиясы “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель мемлекеттік рәміздердің еліміз үшін маңызына тоқталды.
– Аталған акция жастардың мемлекеттік Туға деген құрметін арттырары сөзсіз. Біз жастарды отаншыл болуға, елін, жерін сүюге баулу арқылы келешек тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз, – дейді М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Инна Джималиддинова.