«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНДЫРЫЛҒАН ІСКЕ ТҰРҒЫНДАР РИЗА

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласын аралап, көшелердегі жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты.

Қаланың бірқатар көшелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тозығы жетіп тұрған көшелердің жүріп-тұруға ыңғайлы болып қалғанын көрген қала тұрғындары өңір басшысына ризашылықтарын білдірді.

Жамбыл көшесінің бойында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу Ерік Хамзаұлының көңілінен шықты. Құрылыс жұмыстарын “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС-і жүргізуде. Осыған дейін Мұқанов көшесінен Жамбыл көшесіне қарай бұрылыста кептеліс жиі болатын. Енді ол жол кеңейтіліп, оң жағынан бұрылыс бағыты қосылып, жиектас салынды. Жаяу жүргіншілер жолы да жөнделді. Аталмыш кәсіпорынның жол жөндеу жұмыстарында тәжірибесі мол. Серіктестік директорының орынбасары Радик Аршакян облыс басшысын жұмыс сапалы атқарылып жатқанына сендірді. Олар бұл тапсырысты тамыздың басында қолға алған, осы айдың 25-інде бітіреміз деп отыр. 900 метр жол жөнделеді.

Өңір басшысы қала шетіндегі 1-ші Кірпіш және С. Разин көшелерінде де болды. Жауын-шашында балшығы езіліп кететін көшелердің жолдары қиыршықтаспен тегістелген. Жұмысшы кентіндегі С. Разин көшесінің тұрғындары өңір басшысының келетінін естіп, жиналған екен. Олар облыс әкімімен кездесу сәтін пайдаланып, алғыстарын да айтты, бұйымтайларын да жеткізді.

Қаланың шеткі жағындағы көшелердің жалпы ұзындығы 230 километрді құрайды. Биыл біз 56 километрге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы екі жылдың ішінде ол жолдарға толықтай қиыршықтас төселуі тиіс. Қала орталығындағы 17 көшенің жолы жөнделді. Сіздердің бұйымтай етіп айтып отырған жұмыстарыңызды келесі жылдың жоспарына енгіземіз, – деді Ерік Хамзаұлы.

Облыс басшысы “Нұр” мешітінің ауласындағы тарихи ескерткіш болып саналатын, халық арасында көпес Янгуразовтың үйі деп аталып кеткен нысанға да соғып, онда күрделі жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанына назар аударды. Өткен ғасырдың басында салынған ғимарат қалалық мешіттің меншігі болып табылады. Бұған дейін тозығы жетіп тұрған ғимаратты пайдалану мүмкін болмай келген болатын. Жөндеу жұмыстарынан кейін мешіт әкімшілігі ол жерде медресе ашсақ деген ойлары бар екендігін жеткізді.

* * *

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Былғары зауыты кентінде салынып жатқан бөгет құрылысының барысымен танысты.

Облыс орталығының шеткері жағында орналасқан Былғары зауыты кенті тұрғындарының қызыл судан көрген азабы аз емес. Биылғы жылы да елді мекен тұрғындары тасқынның зардабын бастан кешірді. Осы орайда жаңа бөгет салу туралы шешім қабылданып, бұл мақсатқа бюджеттен 589 млн. теңге қаржы бөлінген еді. Ұзындығы 883 метр болатын бөгеттің құрылысы биылғы жылдың қараша айына дейін толық аяқталмақ.

KAZPACO” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көшелер мен Есіл өзенінен кентке кіретін жолды тасқын судан қорғайтын бөгет құрылысын қолға алған. Құрылыс жұмыстарына мердігер компанияның 20-дан астам ауыр техникасы, 70-ке жуық адам жұмылдырылған. Екі ауысымда жұмыс істеген мамандар бүгінде атқарылуға тиіс жұмысты жартылай діттеген.

Жобаның жетекшісі Мұратбек Тұрғынбаев өңір басшысына бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыс жайлы баяндады. Маманның айтуынша, аталмыш бөгет кенттің солтүстік-батыс бөлігін селден сақтайтын болады. Бөгеттің негізін саз бен құмнан тұратын суглинок атты тау жынысы құраса, оның үстіне Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылынан жеткізілген қиыршықтас пен құм, 150 миллиметрлік темірбетон тақталар қойылады.

Биіктігі 3,5 метрлік бөгеттің Есіл өзеніне қараған жағына 1300 темірбетон плита орнатылмақ.

Үстіміздегі жылғы су тасқынының зардабын жою үшін Үкімет резервінен 1 млрд. 300 млн. теңге қаржы бөлінді. Біз өз кезегімізде маңызды нысанның құрылысына өз ісіне жауапты мердігерді тартуға тырыстық. Серіктестіктің инженерлік дайындығына қарағанда біздің таңдауымыз дұрыс болған. Енді аталған елді мекенді ешқашан су баспайтын болады, – деді облыс әкімі Ерік Хамзаұлы.

Кенттегі осындай оң өзгеріске қуанған тұрғындар өңір басшысына ризашылықтарын білдірді. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов мердігер ұйымның басшыларына жұмыстың тыңғылықты әрі сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан”.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

Солтүстік Қазақстан”

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp