
Соңғы жылдары облыс көлемінде ашылып жатқан өндіріс орындарына кәсіби-техникалық білім алған жастар көптеп келе бастады. Сондай мамандарды Бескөл ауылындағы эксперименттік-механикалық зауыттан да кездестіруге болады. Онда №1 кәсіптік-техникалық лицейдің түлегі Руслан Есімбаев пен Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжді аяқтаған Равиль Ғиззатулин дәнекерлеуші болып жемісті еңбек етуде.
– Өз ауылымызда бірнеше түрлі бетон араластырғыш, электркалорифер, аспалы кран-балкалар, әрлеу станциясын шығаратын зауытта дәнекерлеуші болып еңбек етудеміз. Биыл өндіріс орны құрылыстан басқа ауыл шаруашылығына қажетті 3 жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі – орама сабанмен жұмыс істейтін бу қазандығы. Жаңа өнімнің алғашқы данасын жасап шығаруды кәсіпорын басшылары Равиль екеуімізге сеніп тапсырды. Соны абыроймен атқарып шығу үшін бар өнерімізді салудамыз. Бұл бу қазандығы бір шаруашылықта сынақтан өткізіліп, өзінің өміршеңдігін, қажеттілігін дәлелдеуге тиіс. Олардың көңілінен шықса, заман талабына жауап беретін болса, онда жаңа өнімді сертификаттап, сериялап шығара бастаймыз, – дейді аталмыш өндіріс орнында екі жылдан бері V разрядты дәнекерлеуші болып еңбек етіп келе жатқан Руслан Есімбаев.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Р. Есімбаев пен Р. Ғиззатулин.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.