
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болып, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды аралады және ауыл тұрғындарымен кездесті.
Булаево қаласындағы 1965 жылы тұрғызылған екіқабатты ғимарат күрделі жөндеуден өткен соң аудан орталығындағы кәсіптік даярлық және сервис колледжінің жатақханасы ретінде пайдаланылмақ. Мұндағы жайлы бөлмелерде ауылдардан келіп оқитын студенттер тұратын болады. Әзірге оның шатыры мен қасбеті жөнделіп, едені мен терезелері жаңаланған. Қазір құрылысшылар жылу желілерін тартып, сантехникаларын орнатып жатыр. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, жатақхана пайдалануға берілмек.
Аудан орталығында өңір басшысы көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен де танысты. Булаево қаласының орталық бөлігіндегі көлден суды ағызу жаз айларында үздіксіз жүргізілген, өйткені, оның мөлшері көпжылғы деңгейден асып кеткен. Алдағы көктем мезгіліндегі ықтимал су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, жылжымалы сорғы, қар төгу және инертті материалдар шашу үшін “КамАЗ” автомашинасы, жолдарды тазалауға автогрейдер мен К-704 “Батыр” тракторы сатып алынған.
Өңір басшысы аудандық орталық ауруханада болғанда, оның қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан корпусының жағдайымен танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстары “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бөлінген қаржы есебінен жүзеге асырылуда.
– Аталмыш корпусқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастаған кезде құрылысшылар оның қабырғасының ескірген сылақтарын алып тастаған еді. Осы кезде ғимараттың қабырғасында жарық-шақтар пайда болды. Сондықтан бұрынғы жобалау-сметалық құжаттарына өзгерістер енгіздік, өйтпесек еңбегіміз еш кететін болды.
Қазір ғимараттың іргетасы нығайтылды. Енді екі-үш аптаның ішінде бұл ғимаратқа жылу тартылып, терезелері орнатылады, – деді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Валерий Уваров.
Аудан орталығында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында он сегіз пәтерлік жатақхананың құрылысы да қолға алынған.
– Қазіргі ауа райы найқалуды күтпейді. Өңірімізге алғашқы қар түсті. Енді аязды күндер басталады. Негізгі жұмыстарды, оның ішінде, жатақхананың аумағын абаттандыруды қараша айында аяқтау қажет, – деді құрылыс барысымен жете танысқан Ерік Хамзаұлы. Содан кейін өңір басшысы Маяковский көшесінің тұрғындарымен кездесіп, ағынды су кәрізінің қалай салынып жатқанына назар аударды.
Облыс әкімі Полтавка ауылындағы биыл өңірімізге Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы бағдарламамен қоныс аударған отбасыларының шаңырақтарында болды. Сержан Сыпатаев зайыбымен және екі баласымен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан көшіп келіпті. Олар бұл қадамдарына еш өкінбейтіндіктерін білдірді. Қазір Сержан жергілікті мектепте бастапқы әскери даярлық пәнінен сабақ береді. Жергілікті билік органдары оларға баспана беріп, барлық жағдайларын жасаған. Отбасы келесі жылы үйлерінің жанындағы жер теліміне жеміс-көкөніс өсірмек ниетте екен.
Осы ауылға қоныс тепкен Асановтар отбасы да солтүстіктің шырайлы әрі құнарлы жеріне үйренісіп қалыпты. Отағасы Мұратқали жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мамандығына сәйкес жұмысқа алынса, оның зайыбы бала күтіміне байланысты үй шаруасымен айналысады. Үлкендері жергілікті мектепте оқитын алты баласы бар отбасы өздерінің жеке шаруашылықтарымен айналысуды жоспарлап отыр. Соңғы екі жыл ішінде еліміздің оңтүстік өңірлерінен Мағжан Жұмабаев ауданына құрамында 64 адамы бар 17 отбасы қоныс аударыпты.
Писаревка ауылында өңір басшысы жергілікті мектеп ғимаратына ат басын бұрды. Мұнда мұғалімдермен әңгімелескен соң, отын ретінде сабан орамаларын пайдаланатын қазандықтың қалай салынып жатқанын байқады. Экологиялық таза отынмен жұмыс істейтін нысан келесі аптада іске қосылмақ.
Бастомар ауылында Ерік Хамзаұлы жергілікті су бөлетін желінің жұмысын көрді. Бұл елді мекендегі әр үйге су құбыры тартылған. Балалар ойын алаңының абаттандырылуы мен көше тренажерлерінің пайдаланылуы да облыс әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Ауыл балаларының сүйікті орнына айналған жердің жанында хоккей қорапшасы салынып жатыр екен. Бұл нысандардың құрылысына жергілікті кәсіпкер Виталий Калиниченко қажетті қаржы бөліпті.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Возвышенка ауылында болып, орта мектепті жөндеу жұмыстарымен, қазандықтың құрылысымен танысты. Бұл жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауыл тұрғындарымен кездесу барысында елді мекенді көркейту мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.