Петропавлдағы №20 орта мектеп ұжымы канадалық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Рудиктің жетекшілігімен “Шектеусіз білім беру” орталығында қашықтықтан білім алдық. Сертификаттарымыз бар. Қазіргі таңда оның тәжірибесін өзіміздің сабағымызға лайықтап, оқу-тәрбие үдерісіне енгізіп отырмыз. Аталмыш технология жұмыс түрлерін тиімді басқаруды, оқудың мақсаттары мен міндеттерін сын тұрғысынан ойлауды талап етеді.
Өз тәжірибем мен жаңа технологияны іс жүзінде үйлестіріп, қолдануға тырысамын. “Не ексең, соны орарсың” дегендей, оқушыларымды да түрлі деңгейлердегі олимпиадаларға қатыстырып, ширата түсемін. Бала сайыстарға қатысу арқылы жұрт алдына шығып, еркін сөйлеуге, өз-өзін ұстай білуге үйренеді. Шәкірттерім әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің пән олимпиадасы, “Жарқын болашақ” олимпиадасы, “Көркем сөздің шебері” шығармалар, “Сафуан әлеміне саяхат” эссе жазу сайыстарында жақсы нәтижелер көрсетті.
Тынымсыз еңбек пен үздіксіз білім жетілдіруді қажет ететін жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегім үшін Құрмет грамотасымен марапатталдым. Айтпағым, жаңалықты жатсынбай қабылдап, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтатып, шәкірт жанына нұр құйып, ұстаздыққа шынайы берілгендер ғана осы мамандықтың қиындығына төзе алады.
Гүлбахыт ҚАНАФИНА,
№20 орта мектептің қазақ тілі
мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.
Петропавл қаласы.