«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҒЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ

Қоғам тыныштығын сақтау аманатын арқалаған полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Халықтың қорғаны, тәртіптің сақшысы атанған полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.

– Қоғамдық тәртіпті қадағалауда, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде сіздерге үлкен міндет жүктелген. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс”, – деп атап өткен болатын. Қазақстандық полиция қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Елбасы алға қойған міндеттерді абыроймен атқаруда. Облысымыздың ішкі істер департаментінің ұжымы осынау ортақ іске өз үлестерін қосып келеді, – деді Ерік Хамзаұлы.

М.Жұмабаев көшесінде болған салтанатты шарада полицейлердің міндеттерін мүлтіксіз орындауына зор мүмкіндік беретін 55 автокөліктің кілті тапсырылды. “UAZ Patriot” және “Chevrolet NIVA” автокөліктерінің 26-сы – жергілікті полиция қызметінің аудандағы бөлімшелеріне, ал қалғандары облыс орталығындағы тәртіп сақшыларының пайдалануына берілді.

Одан кейін Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған, жоғары жетістіктерге жеткен жүзден астам полиция қызметкеріне ведомстволық медаль, Құрмет грамотасы, Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, Қорған облысынан арнайы келген құқық қорғау органдарының өкілдері облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләловтің Алғыс хатымен марапатталды.

Осындай салтанатты сәттің сәнін келтірген қорғандық қонақтар мен Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің өнер ұжымдары театрдың кең сахнасында өз өнерлерін паш етті.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp