«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ

Тайынша ауданы прокурорының аға көмекшісі Юлия Ивановна Благовисная – заңдардың орындауын қадағалау ісін өмірінің мәніне айналдырған жан. Ол бұл таңдауына ешқашан өкінген емес. Бес жылдай Аққайың ауданының прокуратурасында қызмет атқарса, Тайынша ауданына ауысқанына да он жылдай болып қалыпты.

Тәртіп пен іскерлікті өзіне серік еткен, қазақ тіліне судай аға көмекші қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, алдына келген аудан тұрғындарының көкейкесті мәселелеріне әр кез сергек қарайды. Оның қылмыстық ахуалды қадағалау ісіндегі көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Барлық марапаттардың ішіндегі ең жоғарғысы – Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен берілген «Прокуратура үздігі» төсбелгісі.

– Елдігіміздің бастауы Ата Заңымыз десек, оның 27-бабында “Неке мен отбасы, ана, әке мен балалар мемлекеттің қорғауында болады” деп жазылған. Ал олардың қамсыз, қайғысыз өмір сүруі үшін бірінші кезектегі қажеттіліктер, яғни тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, халықтың еңбекпен қамтылуы сияқты түйінді мәселелер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Бұлар туралы тапсырмалар Президентіміздің жыл сайынғы халыққа Жолдауларында айтылып, арнайы қабылданған заң актілері мен басқа да ұйымдық шаралар арқылы өз шешімін тауып келеді. Әйелдердің конституциялық құқықтарының ең сенімді кепілі – ол Президенттің өзі болып табылады, – дейді аудан прокурорының аға көмекшісі.

Юлия Ивановна өз ісінің білікті маманы ғана емес, сонымен бірге сүйікті жар, 3 бала тәрбиелеп отырған аяулы ана. Үлкен ұлы заң қызметкері болуды армандаса, кейінгі ұлдары – мектеп оқушылары. Ал жан жары Петр Мартынюк – Тайынша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы.

– Жұмыстан қатты шаршап келген сәттерде балаларымның қызығымен жұмыстағы көңілсіз жайлардан арылып, бір сәт қызметтегі ауыртпалықтарды ұмытып кетемін. Отбасымның мүшелері мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Жұбайым екеуіміздің басты мақсатымыз – ауданның тыныштығын қызғыш құстай қори жүріп, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу, – деді Юлия Ивановна ойын қазақша жеткізе отыра, ағынан жарылып.

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp