Қауіптен сақтандырып ел-ананы,
Күзетіп сен келесің шекараны.
Өзіңдей қырағы ерлер тұрған шақта
Еркіндеп табиғат та дем алады.
Ақын Марфуға Айтқожинаның “Шекарашылар” деген өлеңінің осы бір шумағына көптеген қарадомалақтардың орындалмаған арманы, бала қиялы сыйып кеткендей. Себебі, Отан алдындағы борышын өтеп, әскерден келгендердің арасында жасыл погон таққандардың бәсі жоғары болатын. Қара, қызыл, тіпті көгілдірлеріне қарағанда, жапырақ түстілердің ерекшелігі – Отанымыздың шекарасын, біздің тыныштығымызды күзеткенінде деп ойлайтынмын. Бұған мектеп оқулықтарындағы суреттер мен шпион ұстауға көмектескен жеткіншектердің ерлігі туралы әңгімелерді қоссаңыз, баланың жай да ұшқыр қиялы одан сайын шарықтап кететін. Жаңбырлы күні шекара бағанының жанында тұрған жігіт, үстінде су өткізбейтін шекпен, автоматын оң иығына асынған, бір қолында дүрбі. Алысқа көз тастап, мүлгіген тыныштықтан секемдене қарап тұрған қайсар жанның бейнесі. Қасында қос құлағын тікірейтіп, қадала қарап тұрған төрт аяқты досы. Көз алдымнан кетпейтін сурет. Бұл жай сурет емес, талай балаға арман сыйлап, ер жеткен соң Отан қорғау деген қасиетті қызметке әкелген ерекше бейне. Осы суретке елтіп, бүгінде сіз бен біздің тыныштығымызды күзетіп жүргендердің бірі – жерлесіміз – Әуелбек Жадрин. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген ол, бірден шекараға жұмысқа тұрып, тағдырын талайдың жүрегі дауалай бермейтін қауіпті де абыройлы қызметпен байланыстырды.
“Шекарашы болу – жауапты да қиын іс екені өтірік емес. Бірақ өзің таңдап, жан қалауыңмен келгеннен кейін беріліп жұмыс істеуің керек. Ең бастысы – кәсібіңе деген адалдық. Мысалы, біз қызмет ететін Мағжан Жұмабаев ауданының аумағынан Ресейге қарай темір жол өтеді. Ауылдардың көбі шекараға жақын орналасқан. Екі жаққа да адамдар қатынап жатады. Кейбіреулері белгіленген автоөткізу бекетінен емес, төтелеп жетіп алғысы келеді. Олардың арасында тыйым салынған заттар, қару-жарақ өткізгісі келетіндер де бар. Кейбіреуі қылмыс жасап, қашып жүреді. Мұндайлар ештеңеден тайынбайды. Сондықтан мейілінше сақ болуға тырысасың”, – дейді ол. Әуелбек өзі қызмет еткен жылдары шекараны кесіп өткен 120 қылмыскерді ұстаған екен. Тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 100-ден астам контрабандашының жолын кесіп, шекараны бекемдеуге айрықша үлес қосқан.
Мақаламыздың екінші кейіпкері Аслан Дайырбаев шекарадан заңсыз өтпек болған талай қылмыскердің жолын кесті. 2015 жыл болатын. Ресеймен шекарадағы Гайдуково ауылы. Лейтенант Аслан Дайырбаевтың алғашқы жұмыс күндерінің бірі. 4 адамдық патруль күздің жаңбырының астында шекара бойын жағалап, баяу басып келе жатқан. Теріскейдің бір жауса апта бойы себелеп тұрып алатын ақ жауыны басталғалы да екі-үш күн болып қалған. Мұндайда із кесу мүмкін емес, иісшіл иттің де көмегі шамалы. Бітік шыққан өлең шөп құлаған, адам тұрмақ, көлікпен өтсе де белгі қалдырмай, жаңбыр жасырып тастайды. Әккі контрабандашылар орман ішін паналап, қарайғаннан секемденіп тығылып қалады. Негізінен таситындары киім-кешек, темекі мен арақ.
“Қарауылдың жарғысы қанмен жазылған” деген қағида бар. Оны естен шығарғанның оңбасы анық. Күдік тудыратындай ештеңе байқалмағанымен сақшылардың құлағы түрік. Оң-солын, алды-артын бажайлап келеді. Төңірек тұтасып кеткендіктен, зер салып қарауға да мүмкіндік жоқ. Бір мезгілде екі орманның ортасында бірдеңе қарауытқандай көрінді. Шекарашы жанындағы жолдастарына ыммен белгі беріп, сол жаққа көз тігеді. Сол сәтте қалың шөптің арасынан біреу атып тұрып, орманға қарай жүгіре жөнелген. Төртеуі жан-жақтан қаумалап жеткенімен, ағаш ішіне тез сіңіп, адастарып кетті. Кеш болып, қараңғы қоюланғанына қарамастан, шекарашылар да алған беттерінен қайтпай, орман ішін сүзуге кірісті. Қас қарайып, көз байланғаны сол еді, қылмыскер шекараға қарай жүгіре жөнелді. Әскерилердің күткені де осы еді. Мемлекеттік шекараға 300 метр жетпестен қолға түсірді. Қашқынның қолға түспеуге барын салғаны кейін белгілі болды. Ол бірнеше жылдан бері іздеуде жүрген әккі қылмыскер екен. Бұл – лейтенант Аслан Дайырбаев ұстаған алғаш қылмыскер. Шекарадағы 16 жылда 50-ге тарта заң бұзушыны қолға түсірді, шені де, тәжірибесі де өсті. Бүгінде капитан.
Аслан мен Әуелбек қана емес, шекарада тұрған әр қызметкер Отанымыздың патриоты екеніне сеніміміз кәміл. Өйткені елге төнген қауіптің бетін қайтарып, алғашқы тойтарысты беретін де осы “жасыл погондылар”. Мысалы, 2020 жылы солтүстікқазақстандық шекарашылар қару-жарақ өткізуге қатысты 26 оқиғаны тіркепті. Есірткі тасымалына қатысты 19 факт анықталып, халықаралық транзиттің жолын жапты. Соңғы кезде белең алып бара жатқан ұрланған көліктің де 34-ін тауып, сан соғып қалған иелеріне қуаныш сыйлады.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.