Жангелді Қойшыбаев – облыс орталығындағы №6637 әскери бөлімінің атқыштар жол-патрульдік полициясында қызмет атқарып, қоғам тыныштығын күзетіп жүрген әскерилердің бірі. Өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету ісіне үлес қосып жүрген ол жастайынан өзінің болашағын күш-құрылым саласымен, құқық қорғау органдарымен байланыстыруды алдына мақсат етіп қойған. Себебі, өзінің әкесі Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Әскери институтында көп жыл қызмет атқарып, подполковник шенінде зейнетке шыққан. Ағалары мен жезделері де – әскери мамандар.
1988 жылы Есіл ауданының Горное ауылында дүниеге келген Жангелді Ұрымбайұлы өңір орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатын бітіріп, 2006 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түседі, жаратылыстану жағрафиясы мамандығын меңгерген.
– Адам баласы дүниеге келіп, ес білген соң өмірде өз орнын табар мамандық жайлы армандайды. Менің бала кездегі арман-мақсатым әскери маман болу еді. Сол арманыма жету үшін жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп, әскери-оқу мамандығы бойынша запастағы офицерлерді даярлауды көздейтін “Әскери және дене тәрбиесі теориясы” кафедрасында атқыштар зводының командирі бойынша екі жыл оқып шықтым. Нәтижесінде төрт жыл оқудан кейін аталмыш оқу орнының дипломымен қоса сержант шенін алған едім, – дейді ол.
Бала қиялды шындыққа ұштастырып, өз ісімнің нағыз білгірі боламын деген жас жігіт 2011-2014 жылдар аралығында келісімшарт бойынша әскери қызметке алынып, өзінің кіндік қаны тамған Горное елді мекеніндегі “ЕС-164/4” түзеу мекемесінде атқыштар батальоны 4-атқыштар ротасының кинология қызметі тобының нұсқаушысы болып қызмет атқарған. Үш жылдың ішінде кинолог мамандығының ащысы мен тұщысын қатар татып, жазда күннің ыстығына күйіп, қыстың суығына тоңғанымен, қызметтегі табанды жауапкершілігімен, қатарластарының арасындағы білгірлігімен басшылықтың көзіне түскен ол аз уақыттың ішінде қатардағы нұсқаушыдан аға нұсқаушыға дейін өскен.
Темір тордың арғы жағына тоғытылған аса қауіпті қылмыскерлерді күзеткен сержант Қойшыбаев басшылықтың бұйрығымен облыс орталығына ауысып, шаһардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей тартылатын Ұлттық ұланның №6637 әскери бөлімінде патрульдік-бекеттік қызметте әскери және барлау жасағының бастығы болып қызметін жалғастырған. Оның айтуынша, бөлімнің 47 жаяу және 3 автокөліктен құралған жеке құрамы облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен және Әскери институт курсанттарымен бірлесе отырып, 30 бағытта қоғамдық тәртіпті қадағалайды екен. Өздеріне жүктелген әскери-жауынгерлік қызметті абыроймен атқарып жүрген болашақ ел қорғандары қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту, азаматтардың конституциялық құқығын қорғау ісіне нақты үлес қоса отырып, қылмыспен батыл күресуде. Күн шыққаннан бастап, қас қарайғанға дейін қала тұрғындарының бейбіт өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күнделікті жауынгерлік қызметке шығып жүрген бөлімнің әскери қызметшілері арасында сый-құрметке ие азамат әр уақытта өз ісіне ұқыпты, талапшыл қызметкер ретінде танылып үлгерген.
– Жұмыстың жеңілі жоқ. Әр қызметтің өзіндік қиындығы мен ауыртпалығы қатар жүреді емес пе?! Оған сол саланың нағыз білікті маманы боламын деген, өз ісіне жауапты жандар ғана төзеді. Сол сияқты патрульдік-бекеттік қызметтің де өз ерекшелігі, қызығы мен қиындығы бар. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүремін деп ойлаған адам әскери саланы таңдамайды. Ең бастысы аптап ыстық пен ақ қар, көк мұзды елемей, қала тұрғындарының қауіпсіздігін ойлап, жанын сала қызмет ететін әріптестерімді өз басым мақтан тұтамын. Бұл жерде ең бастысы – халыққа, елге пайдамды тигіземін деген мақсат. Менің әріптестерім – сондай жандар, – дейді Жангелді Ұрымбайұлы.
Бүгінде Петропавл қаласы тұрғындарының тыныштығын қорғап, орын алған заңсыздықтарды ашуда еңбек етіп жүрген сержант әр адам өзі сүйіп таңдаған мамандығына зор ықыласпен берілетіндігіне сенімді. “Тұрғындардың демалыс күндерінде біз жұмыста боламыз. Әсіресе, мереке күндері жұмысымыз еселене түседі. Қызметімнің жауапкершілігі зор екенін жете сезінемін”, – деген Жангелді Қойшыбаев басшылық атынан бірнеше грамота мен Алғыс хаттарына ие болған. Мысалы, жуырда №6637 әскери бөлімінің құрылғанына 52 жыл толуына орай қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттегі жоғары көрсеткіштері, міндеттерін адал және ынтамен атқарғандары үшін алғыс жарияланып, грамоталармен марапатталғандардың қатарына іліккен.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.