Соңғы кезде әлемнің көптеген елдері үшін лаңкестікпен күрес аса өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл зұлматтың біздің елді айналып өтпегеніне соңғы оқиғалар дәлел бола алады. Осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітпек болып облыстық ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамеджановпен кездескен едік.
– Руслан Нағашыбайұлы, лаңкестіктің алдын алу үшін өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Соңғы жылдары лаңкестік ұйымдардың бас көтере бастағаны байқалады. Өздеріңіз білетіндей, 2010, 2011 жылдары Ақтөбе, Тараз қалаларында осындай оқиғалар орын алып, Астана, Алматы қалаларында жарылғыш заттар табылған еді. Сол себепті 2013 жылы “Терроризмге қарсы күрес туралы” заңға өзгерістер енгізіліп, қатаңдатылды. Жуырда Ақтөбе қаласында қанқұйлы оқиға орын алғанын білесіз, бұрнағы күні Балқаш қаласында осындай ұйым әшкереленді.
Бүгінде өңірімізде лаңкестік фактілерді болдырмау үшін ішкі істер департаментінің арнайы қызметтері бірталай жұмыс жүргізуде. Мектептерде, мекемелерде түсіндіру жұмыстарын өткізіп, жастарды жамандықтан қорғау үшін теріс ағымдардың заңға қарама-қайшы тұстарын жан-жақты көрсетіп жүрміз. Әсіресе, ата-аналар интернетті бақылауда ұстаулары керек. Себебі, діни сауаты жоқ бала тыйым салынған сайттардағы ақпараттарды оқып, теріс ағымдардың жетегінде кетуі ықтимал. Бізге туыстары теріс ағымға кіріп кеткен тұрғындар да келіп көмек сұрайды. Ондай сәтте жат ағымның шырмауындағы адамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, соның арқасында бірнеше адам теріс ағымдардан шықты. Қазіргі таңда облысымызда жағдай тұрақты. Бірақ жағаны жайлауға жіберіп, босаңсуға болмайды. Осы орайда облыс тұрғындарына жасалынуы мүмкін лаңкестік қылмыстар туралы ақпарат берген адамды мемлекет материалдық тұрғыдан марапаттайтындығын жеткізгім келеді.
– Өңір тұрғындарының ақпарат беруде белсенділігі жоғары ма?
– Бұрын лаңкестік актілер шетелде ғана болатындай көрінетін. Соңғы жылдары орын алған оқиғаларға байланысты халық та қауіпсіздікке аса мән бере бастады. Мәселен, жыл басынан бері иесіз жатқан күдікті заттар туралы бес ақпарат келіп түсті. Оларды тексергенімізде ешқайсысы да расталмады. Облыс тұрғындарына сергектік танытқандары үшін алғыс айтқым келеді.
– Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік жағдайға байланысты елімізде 40 тәулікке лаңкестік қауіптіліктің “бірқалыпты сары” деңгейі орнатылды. Осы орайда қандай қауіпсіздік шаралары қолға алынды?
– Облыс тұрғындары арасында лаңкестік қауіптің қатерлі деңгейін белгілеу кезінде тұрғындардың әрекеті жөнінде жадынамалар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат тараттық. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары барлық күмәнді нәрселерге баса назар аударып, күдік тудырған көліктерді тексеріп жатыр. Қызметтердің бір-бірімен және тұрғындармен ақпарат алмасуы күшейтілді.
– Елімізде Үкімет қаулысымен лаңкестік тұрғыдан осал нысандардың тізбесі бекітілгенінен хабардармыз. Осы жайында не айтар едіңіз?
– Шынында да, 2013 жылдан бастап лаңкестік тұрғыдан осал нысандардың тізбесі жасалып, бекітілді. Ол бойынша мемлекеттік органдардың нысандары аса маңызды болып танылған. Тізбеге енген нысандардың басшыларына қауіпсіздікті сақтау бойынша жоғары талаптар қойылған. Мәселен, бұрын біздің ішкі істер департаментінің әкімшілік ғимараттарында бақылау-өткізу қосындары, биік қоршау болмайтын еді ғой. Бұл – мемлекет тарапынан қойылған талаптардың бірі. Сондай-ақ, нысан камералық бақылаумен қамтылып, келген азаматтар тексеріліп, кіргізілуі тиіс. Бүгінгі таңда өңірімізде 700-ден астам осындай нысан бар. Бұл нысандардағы қауіпсіздікке жауапты кісілер лаңкестік сипаттағы қылмыс орын алған кезде қалай қимылдау керектігін білуге міндетті. Осы орайда оларға әдістемелік нұсқаулықтар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жоғарыда аталған талаптардың орындалуы барысы бақылауға алынған. Егер талаптар ескерілмесе, нысанның басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Мұндай фактілер орын алды. Бүгінде соттың қарауында бірнеше материал жатыр. Барлық нысандарға полиция қызметкерлерін қою мүмкін емес. Сол себепті мемлекет осындай шаралар арқылы нысандардың басшыларына қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүктеп отыр.
– Бүгінде елімізде “телефон лаңкестері” де көбейіп барады. Олармен күрес қалай жүріп жатыр?
– Бұл да алаңдатарлық жағдай. Өткен жылы біздің өңірде бес жағдай орын алса, биыл бір факті тіркелді. Олардың барлығы ашылды. Ұсталған тұлғалар жазасын өтеп жатыр. “Телефон лаңкестерін” 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, сондай-ақ, материалдық шығындарды өтейді. Осының барлығын халыққа жан-жақты түсіндіргенімізбен, фактілер азаяр емес. Мәселен, жақында Ресей Федерациясының Свердловск облысының тұрғыны сондағы ішкі істер бөліміне хабарласып, Петропавлдағы темір жол вокзалына жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған. Ондағы әріптестеріміз бізге хабарласқаннан кейін аталған орынға барлық қызметтің өкілдері дереу жетті. Бірақ хабар расталған жоқ. Кейін Ресейдегі әріптестеріміз арқылы “телефон лаңкесінің” жүйке ауруына шалдыққан адам екенін анықтадық. Сараптама жалған хабар айтушылар мас адамдар, оқушылар, жүйке ауруына шалдыққандар арасында жиі кездесетінін көрсетіп отыр.
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.