
Өңірімізде айтыс өнерінің қанат жаюуына бойындағы суырыпсалмалық дарынымен зор үлес қосқан ақын, жерлесіміз, Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылының тумасы Ахметжан Нұртазин бір еңбегінде Атығай мен Қарауыл ұрпақтарының Қызылжар өңіріне қай уақытта, қалай келгені туралы жазыпты. Сол кітапта біздің арғы бабаларымыз – қазақтың ұлт болып ұйысуы, жерінің бір пұшпағының да жау қолына өтпеуі үшін күрескен тұлғалар жайлы біраз дерек қамтылған.
ХVII ғасырдың 21-23 жылдары жоңғардың қонтайшысы Қалдан Серен қалың әскерімен қазақ жерінің оңтүстігі мен шығысын басып алады. Сол қысылтаяң шақта біздің аталарымыз Қаратаудың етегіндегі Шу өзенінің бойына қоныстанса керек. Халқымыздың басына қара бұлт үйірген “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” нәубеті тұсында аталарымыз жоңғардың қол астында болуға қарсылық танытып, 1723-1725 жылдары Көкшетау өңіріне қарай үдере көшіп, сол жерде 35 жылдай өмір сүріпті. Қазіргі уақытта еліміздің біраз елді мекендерінде, әсіресе, Көкшетау мен Қызылжар маңындағы ауылдарда ел басына күн туған сол замандарда ерлік көрсеткен батырлардың ұрпақтары тұрып жатыр. Мәселен, Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылы тұрғындарының дені – Орыс бабамыздан тараған бес атаның (Азат, Жаманғұл, Батырбек, Қозыбақ, Жанат) ұрпақтары.
Өмірден бертін өткен Қоблан Хамзин есімді қажы ағамыз өзінің “Жеті атамызды білейік” деген кітабында бабамыздың атының Орыс деп қойылу себебін қазақтың ырымшылдығымен байланыстырады. Қазақ халқы да орыс ұлтындай көп, жері кең, жас азаматтары оқыған, білімді болсын деген арманнан туған деп топшылайды.
Орыс бабамыздың үлкен ұлы Азат өмірден ерте озған. Азат атамыз жерленген Көкшетаудан 30 шақырым қашықтықта орналасқан темір жол станциясы бүгінгі күнге дейін оның есімімен Азат бекеті деп аталады.
Шу бойынан Көкшетау өңіріне қоныс аударған Құдайберді мен Байымбеттің батырлары, игі жақсылары бас қосып, шұрайлы Есіл маңын жағалай қоныстану керек деп шешім қабылдайды. Ол кезде Есіл бойында қалмақтар мен башқұрттар тірлік кешіптіміс. Жер-су, мал жайылымдары үшін соғыста қол бастап, ерекше ерлік көрсеткен Байымбеттің шөберелері, ағайынды атақты батырлар – Тілеке мен Құлеке, ал Құдайбердінің ішіндегі Орыс бабамыздың шөберелері Тышқан мен Жанатай батырлар болса керек.
1720 жылдардың аяқ кезінде атақты Тілеке қалмақтың Сарбұлақ батырымен жекпе-жекте ауыр жарақат алып, дүниеден өтеді. Інісі Құлеке жас болса керек, оған бұл ауыр қаза уақытында естіртілмейді. Шынында да, бұғанасы қатпаған жас балаға қалмақтың Бағанаты, Сарбұлақ пен Шуда батырларымен айқасуға әлі ерте еді.
Дұшпанға есе жібермеу, айқасқанмен айқасып, шайқасқанмен шайқасу халқымыздың қанында бар қасиет қой. Сол қайғылы оқиғадан кейін біраз жылдар өткен соң Құлеке батыр (Шал ақынның әкесі) қалмақтарға қол бастап барып, жекпе-жекте Бағанаты мен Сарбұлақты өлтіріп, Тілеке ағасының кегін қайтарады. Қалмақтарды хас батырларынан айырып, сағын сындырады. Осыдан кейін есімі ел аузында жатталған, атағы жер жарған Құлеке батырды Абылайхан өзінің қасына бас батырларының әрі сенімді серігінің бірі қылып алады.
Құлеке Абылайханның құзырына көшкеннен кейін оның орнын Орыс бабамыздың немересі – Тышқан батыр басып, Есіл өңірін қалмақтардан азат етуге күш салады. Оның да осал болмағаны тарихи деректерден белгілі.
Әлі есімде, жас кезімде батырдың төртінші ұрпағы – Абылан Бекжанов Тышқан атамыздың жасаған ерліктерін жыр қылып айтып отыратын еді. Өкінішке қарай, ол кісі өмірден ерте өтіп кетті.
Тышқан батыр қазақтың атақты қолбасшысы Бөгенбай батыр сияқты орта бойлы, шымыр денелі, өткір көзді, өте шапшаң, қара торы, өңді адам болса керек. Көзінің өткірлігі соншалық – тура қарағанда адамның өңменінен өтіп кететін деседі. Батыр атамыздың шын аты – Қазбек. Халық аузында ол туралы аңыз-әңгімелер көп. Соның бірі атына байланысты. Ол бір орында байыз тауып отырмайды екен. Содан жеңгелері еркелетіп “тышқан” атап кеткен. Кейін өз есімі ұмыт болып, тарихта Тышқан батыр болып аты қалды.
Тышқан батыр ширек ғасыр бойы соғыста, қақтығыстарда ерлік көрсетіп, қалмақтың мен деген батырларының бәрін жекпе-жекте жеңген. Ақыр соңында оларды Оңтүстік Сібір аумағына, қазіргі Елесті өңіріне қуып тынған екен.
Батыр өзінің көзі тірісінде Есіл өзенінің екі жағына қазақтарды қоныстандырған.
Ол туралы Ахметжан Нұртазин былай жырлаған:
“Естектен тазартылып Есіл жері,
Құдайберді, Байымбет қалың елі.
Мың жеті жүз алпыс бір жылы келіп,
Мекені Есіл болды содан бері”.
Марқұм Абылан ағамыздың айтуынша, Тышқан батыр өмірінің аяғына дейін ел-жұртын ішкі-сыртқы жаулардан қорғап, бар күш-жігерін олардың дербес ел болуына сарп еткен. Батырдың ержүректілігі, аңғалдығы, елге деген қамқорлығы баласы Қойлыбайдың да бойынан кездескен. Ол алып денелі, орасан күш иесі, батыр тұлғалы азамат болған. Ал немересі Сыздық қажы Қойлыбайұлы парасатты, ақылды, болашақта не күтіп тұрғанын болжай алатын өте сауатты діндар адам болса керек.
1898 жылы Орыс бабамыздың ұрпақтары сауатты, Алласын таныған жандар болсын деп, ол өз қаражатына қарағай ағаштан биік мұнаралы, зәулім мешіт салдыртып, оның жанынан медресе ашқызған. Сыздық қажы көзі ашық оқытушыларды татар елінен, Ресейдің Орал жерінен, Қостанай төңірегінен алдыртқан. Олардың еңбектерінің өтеуін өзінің қалтасынан төлеп отырған.
Кеңес үкіметі орнаған кезде біздің Көктеректің медреседе оқыған сауатты азаматтары лауазымды қызметтер атқарады. Қазақтың тілінен, дінінен айыруды көздеген сол кездегі саясат ислам дінінен сусындаған азаматтарға көп залал тигізді. Айналасына имандылық нұрын шашқан мешітті де қиратты. Көктеректен шыққан сауатты азаматтарды Сібірге айдап, көздерін құртты. Солардың қатарында асылдың сынығындай болған Сыздық қажы атамыз да кете барды. Ол 1918 жылы өмірден өтті.
Бүгінгі жас ұрпақ өкілдерінің көбі жоғарыда есімдері аталған тарихи тұлғалардың өмірлерінен, елдің, жердің амандығы жолында бастарын бәйгеге тіге жүріп атқарған жанкешті еңбектерінен хабарсыз. Тарихты білу, тұлғалар тағылымын есте сақтау арқылы біз бойымызға отансүйгіштік, елжандылық сияқты көркем қасиеттер қалыптастыра аламыз. Бұрынырақ аузы дуалы қарттардан естігенімді қағаз бетіне түсіруімнің себебі де сондықтан. Ендеше, бар ғұмырын халқының дербестігін сақтап қалуға арнаған ержүрек батыр Тышқан атамыздың ғұмырын зерделеу қазіргі жас ғалымдардың міндеті. Оның жауға қарсы пайдаланған бір қаруы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніндегі тақ залында тұр.
Абылай БАЛТАБАЕВ, зейнеткер.
Шал ақын ауданы, Көктерек ауылы.