
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында пандемия салдарынан соңғы екі айдың еліміз үшін оңайға соқпағанын алға тартты. Бұған қоса, барша әлемді жайлаған дағдарыс салдары да экономикамызға кері әсерін тигізіп, өзгеше әрекет етуге итермелеп отырғанын айтты. Бірақ соған қарамастан, Мемлекет басшысы қауіпті індет пен дағдарысқа алаңдап отырған елдің көңіліне демеу боларлық келелі ойларымен бөлісіп, аса маңызды стратегиялық бағыттарға тоқталды.
Ең бастысы, ұлттың санасын серпілту, болашаққа деген сенімін ояту бағытында ой қозғап, мемлекеттің халықпен бірге екенін ұғындыра білді. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім мен ғылым жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қолдау шаралары күн тәртібінен түспейді. Әсіресе, табысынан айырылғандардың, түрлі себептермен атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырған көпбалалы, жалғызбасты аналардың, жағдайы төмен отбасылардың мемлекет тарапынан түрлі қолдауға ие болатыны көңілімізді жадыратты.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” акционерлік қоғамы да елімізде карантин режімі жарияланғаннан бері табыссыз қалған азаматтардың хал-ахуалын жақсарту бағытындағы жұмысты ширата түсті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты бірқатар тапсырмалары біздің салаға да байланысты екендігін ескеріп, тікелей міндеттерімізді жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша 10987 азаматқа жалпы сомасы 1040,7 миллион теңге әлеуметтік төлем жүргізілді, соның ішінде:
– еңбек ету қабілетінен айырылған 2582 адамға 132,9 млн. теңге;
– асыраушысынан айырылған 1360 адамға 66,8 млн. теңге;
– жұмысынан айырылған 893 адамға 49,1 млн. теңге;
– жүктілік және босану, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алу бойынша 1009 адамға 359,2 млн. теңге;
– бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімімен отырған 5143 адамға 432,7 млн. теңге төлем берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде төтенше жағдай енгізу кезеңінде шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін қорғау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап кірісінен айырылған азаматтарға 42500 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек беру әлі де жалғасуда. Бұл ретте атап өтетін жайт, аталмыш көмек түрі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне көрсетілмейді. Сонымен, біздің өңір бойынша бұл қаржыға барлығы 106955 өтініш түсіп, 105429 адамның жеке есепшотына жалпы сомасы 4480 миллион теңге аударылды. Осылайша төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы есебінен халыққа айтарлықтай әлеуметтік көмек көрсетілді. 42500 теңге көлеміндегі төлем азаматтарға тек кірісінен айырылған жағдайда тағайындалатынын атап өткен жөн. Төтенше жағдай кезеңінде кірісінің болмауы туралы жалған ақпарат бергендер қаржыны қайтаруы тиіс. Біздің өңір бойынша кірістері бола тұрып, мемлекеттік жәрдемақы алған 2306 адам бүгінде қаржыны өз еріктерімен қайтарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиындықты еңсеру үшін тығырықтан шығудың жолын барша ел болып іздеп, шыңдала түсуіміз керек екенін айтты. Қиын кезеңде елге демеу болып, жұртшылықты індетке, дағдарысқа қарсы күреске жұмылуға шақырған Президенттің бұл әрекеті Отанға деген сүйіспеншілік пен перзенттік парызға адалдық деп білеміз. Ең бастысы, мемлекет әрбір азаматтың қауіпсіздігіне, дамуына қолдау көрсетуді жалғастырады. Төтенше жағдайдағы ережені ұстанып, жұдырықтай жұмылып, бірлігімізді сақтай білсек, бұл тығырықтан да шығамыз деген ойдамын.
Анар ЖҮНІСОВА,
“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры.