Қыс бойы тыныс алған дала төсіндегі қызу жұмыс қайта басталды. Соқа сүйреткен техникалар алқапты шаңдатып, жер жыртып жүр. Қар мен жаңбыр суы әбден сіңіп, жаңа ғана өңделіп, тұқым себілген қара топырақ жердің бетін жауып жатқан көрпедей жұп-жұмсақ. Шаруалар мен еңбек адамдарының алқап басында тер төгіп, күздік өнімнің қамын жасап жүргендеріне бір айға жуықтады.
Диқанның қолы жомарт болмай, даланың жоны жомарт болмайды. Сондықтан да топырақты қазірден құнарландырып, сапалы тұқым мен өнімділігі жоғары техникаға басымдық берген дұрыс. Сонда жер ана да диқанды күзде жарылқайды.
Биыл өңір диқандары шамамен 4,4 млн. гектар аумаққа тұқым себеді. Оның ішінде 3,3 млн. гектар дәнді, 760 мың гектар майлы, 392 мың гектар жемазықтық дақылдар. Бұдан бөлек, Қызылжар топырағының 6,5 мың гектарына картоп, 1,3 мыңына көкөніс егіледі. Әртараптандыру мақсатында биыл майлы дақылдардың көлемі 85 мың гектарға артқан. Шаруашылықтар күнбағыс, зығыр, рапс сияқты түрлерге басымдық бере бастаған.
– Қар ерте еріп, көктемде күннің тез жылынуы егіс науқанына қолайлы жағдай жасап отыр. Осының нәтижесінде топырақ ерте жылып, бұршақты, майлы дақылдарды егу сәуірдің соңында басталды. Мамыр айында орташа жауын-шашын нормасы 31 миллиметр болса, айдың басында топыраққа 47 миллиметр ылғал сіңді. Бүгінде жаздық дақылдарды егу жұмыстары 60,9 пайызға аяқталып, 2,5 млн. гектар жерге тұқым себілді. Оның ішінде дәнді-бұршақты дақылдарды егу 59, майлы дақылды алқаптардағы жұмыс 72 пайызға аяқталды.
Күн райы жақсы болса, биылғы науқанды 5 маусымға дейін аяқтау жоспарланған, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Александра Рудина.
Бүгінге дейін серіктестіктер 286 мың тонна тыңайтқыш жеткізу туралы келісімшарт жасасқан. 52 мың тонна элиталық тұқым сатып алынған. Биылғы сұрып жаңарту үлесі – 11 пайыз. Шаруаларға 52 мың тонна арзандатылған жанармай бөлініп отыр. Нарықтағы құны 307 теңге тұратын дизель отыны диқандарға 254 теңгеден сатылуда.
Өңір бойынша дала жұмыстарына 12,3 мың трактор, 13,7 мың тұқым сепкіш пен 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмылдырылған. Мемлекеттік қолдауды оңтайландыру шараларының арқасында биыл диқандар дала жұмыстарына ерте қамданды. «Кең дала» бағдарламасы аясында серіктестіктерге 90,3 млрд., «ҚазАргоФинанс» арқылы 13,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Өнімді форвардтық сатып алуға 7,4 млрд. теңге қарастырылған.
Қала іргесіндегі Қызылжар ауданының алқаптарында да жұмыс қызған. Мұндағы жалпы егіс көлемі 203 мың гектардан асады.
– Диқандар 196 мың гектарға жаздық дақылдар егуді жоспарлап отыр. Мамырдың соңына дейін еңбеккерлер дәнді-бұршақты дақылдарды егуді 53, майлы дақылдарды себуді 88 пайызға аяқтады. Сонымен қатар аудандағы 900 гектар жерге картоп, 100 гектарға көкөніс отырғызылуда. Төрт түліктің қамсыз қыстап шығуы үшін 2,9 мың гектарға біржылдық, 1,3 мың гектарға көпжылдық шөп, 7,6 мың гектарға сүрлемдік дақылдардың тұқымы себіледі, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы Қанат Дарбаев.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».