
Облыстық филармония жанынан құрылған Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі жиырма жылға жуық уақыттан бері өнерсүйер қауымды төл әндерімізбен, ұлттық күйлерімізбен сусындатып келеді. Оркестрдің “Show must go on” (шоу жалғасады) атты кезекті концертін тамашалау үшін жастар сарайына ағылған жұртшылық тамаша кештің куәсі болды.
Шығармашылық ұжым бұл кеште тыңдармандар назарына жиырмадан астам шығарма ұсынды. Оркестрдің жетекшісі Қайырлы Ғафуров осы жолы эстрадалық бағытқа ерекше көңіл бөлгендерін айтты.
Жұртшылық сахнада өнер көрсеткен Ханымгүл Базарова, Бақыт Ілиясов, Мұхит Ахметов сынды жеке орындаушылар мен “Туған жер”, “Мәңгілік”, “Sensitive” би ансамбльдерінің өнерлерін жылы қабылдады. Ал сазсырнай, шертер, жетіген, қылқобыз бен домбырада ойнап, көрерменнің құлақ құрышын қандырған шығармашылық ұжымды көрермен ду қол шапалақпен құрметтеді. Сонымен қатар бұл концертте оркестрдің сүйемелдеуімен “Кариб теңізінің қарақшылары” атты фильмінің саундтрегі орындалды.
– Жұртшылықтың ыстық ықыласынан, зор қошеметінен концерт ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Көрермендер жақсы әсер алса, біз үшін бұл – үлкен қуаныш. Қазіргі уақытта жастардың көбі мәдени, рухани шараларға бармайды. Олардың қызығушылықтарын ояту мақсатында концертімізді шоу ретінде ұйымдастырдық, – деді Қайырлы Ғафуров.