«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Қаржы министрі Мәди Такиев облысқа жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды нысандарды аралап, ірі жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Сонымен қатар жергілікті билік өкілдерімен және инвесторлармен кездесіп, жоспарланған бастамалар мен олардың тиімді іске асуына қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Министр алдымен облыс орталығында орналасқан «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына барды. Бұл – еліміздің солтүстігінде орналасқан маңызды стратегиялық аймақтардың бірі, қазіргі таңда мұнда шетелдік және отандық инвесторлар белсенді жұмыс істеуде.

Арнайы экономикалық аймақ аумағында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылыс мәселелеріне арналған кеңес өткізілді. Жиын барысында құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлердің есебі тыңдалып, инженерлік желілерді тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Кездесу барысында Италия, Қытай, Ресей және Германия елдерінен келген инвесторлар өз жобалары туралы ақпарат берді. Қазіргі уақытта №3 субаймақта жалпы құны 105 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар аясында 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

№3 субаймақта іске асып жатқан жобалар қатарында нан-тоқаш өнімдерін өндіретін зауыт, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын кәсіпорын, көтергіш-көлік жабдықтары мен көпір крандарын жасайтын өндіріс орны бар. Сонымен қатар саңырауқұлақ өсіретін ферма мен компост өндіру зауытының құрылыс жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

Сапар барысында Мәди Такиев облыс орталығында бой көтеріп жатқан көпсалалы облыстық аурухананың құрылысымен де танысты. Бұл денсаулық сақтау ұйымы Солтүстік Қазақстан облысында халықаралық стандарттарға сай салынатын алғашқы ірі аурухана болмақ. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылатын жаңа нысан облыс тұрғындарына жоғары деңгейдегі мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда аурухананың құрылысы белсенді түрде жүргізілуде. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінген.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімдігімен бірлесіп өңірдегі экономикалық ахуал, бюджеттік жоспарлау, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысы және квазимемлекеттік сектор жұмысы бойынша да пікір алмасты. Сонымен қатар министр кәсіпкерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Бизнес өкілдері өз жобаларының тиімді іске асуы үшін қаржылық қолдау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салықтық жеңілдіктер секілді мәселелерді көтерді.

Министр өз сөзінде өңірлік дамудың негізі – ашық диалог, тиімді жоспарлау және инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірге бөлініп отырған қаржылық ресурстардың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы қажет екенін ерекше атап көрсетті.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp