Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облысымыздағы филиалында өткен кезекті брифингте облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев журналистерді өңірімізде құрылған облыстық инвесторлар кеңесінің алғашқы форумының қорытындыларымен таныстырды. Оның айтуынша, форумда өңірімізде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан және осындай жобаларын жүзеге асыруға ынта танытып отырған инвесторлар кездесіп, облыстағы іскерлік байланыстың ахуалын саралаған көрінеді. Алғашқы нәтиже көңіл көншітерліктей. 6 жоба бойынша келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған. Солардың қатарында “General Finland Coop” компаниясы да бар. Аталмыш компанияның бизнесті дамыту бойынша директоры Калвер Каппердің айтуынша, олар өңірімізде мал, балық өсіру және ағашты қайта өңдеу салалары бойынша жобаларын жүзеге асырмақ. Яғни, алдағы уақытта қазақстандықтар малдың етінен, сүтінен және балықтан жасалған дайын өнімді тұтынатын болады. Мәселен, мал шаруашылығы бойынша аталмыш компанияның жобасы сиыр баққаннан бастап, оның сүтінен, етінен түрлі дайын өнімдер шығарғанға дейін жұмыс үдерісін қамтиды екен. Ал балық өсіруде олар дәстүрлі технология – табиғи су қоймаларын пайдаланбайтын көрінеді. Аталмыш кәсіптің ебін тапқан елдердің бірі ретінде олар балық зауыттарының қасынан жасанды су қоймаларын жасамақ. Ал екінші инвестор “Iluka Exploration Kazakhstan” ЖШС-нің бас директоры Элисон Морли өздерінің Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағында геологиялық зерттеу жүргізетіндігін жеткізді. Цирконий мен жоғары сапалы титан өнімін өндіруде әлемді мойындатқан аталмыш ЖШС өкілі алда-жалда қазба байлық табылып қалса, онда өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға ниетті екендігін айтты.
Брифинг барысында меймандар журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.