«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

 

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мамлют ауданына жұмыс сапарымен барып, күзгі орақ науқанының барысымен және елді мекендерде жүзеге асырылып жатқан тың жобалармен танысты. 

Өңір басшысы алдымен Мамлют ауданына қарасты Токаревка ауылындағы “Хуландой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Күзгі жиын-терімге қызу кіріскен агроқұрылым бидайдан бөлек жүгері, сұлы, зығыр өсірумен айналысады. Нәбиола Сағындықов басқаратын агроқұрылым диқандары көктемде 1600 гектар алқапқа бидай сепсе, 200 гектарға майлы дақыл сіңірген. Бүгіндері шаруашылық дәнді дақылдарды толық жинап алса, алдағы бірер күнде майлы дақылдарды қамбаға түсіру жұмысын аяқтамақ. 

– Былтыр біз әр гектардан орта есеппен 17,5 центнерден өнім алсақ, бүгіндері гектар берекелігі 21 центнерден айналуда. Қазір аудан орталығындағы элеваторға бітік шыққан астығымызды жөнелтудеміз. Жұмысшыларымыз күздің әр ашық күнін тиімді пайдалануда, – дейді Нәбиола Сағындықов.
Шаруашылық басшысы 130 тұрғыны бар шағын ауылдың ауызсу мәселесін шешіп берген. Бұған дейін елді мекен тұрғындары суды мұнарадан тасып келген. Ендігі кезекте үйлерді орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін санация әдісімен құбыр тарту жұмыстары жүргізіліп, кезінде жер астында қалған ескі желіге жаңасы жалғанбақ. Серіктестік басшылығы бұл мақсатқа 7 млн. теңге қаржы бөліп, ауылдағы үш көшенің бойында 14 су колонкасын орнатқан.
Бұдан кейін облыс әкімі Новомихайловка ауылына ат басын тіреді. Бүгіндері елді мекенді қамқорлығына алған “Новомихайловка – 2003” ЖШС-нің директоры Геннадий Щеголев ауылдың көркеюіне ерекше көмек көрсетіп отыр. Шаруашылық 2013 жылдан бері өз жұмысшылары үшін 7 тұрғын үй салған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда.
– Біз жыл сайын жұмысшыларымызға арнап баспана салуды игі дәстүрге айналдырдық. Әрқайсысының аумағы 120 шаршы метрді құрайтын үйлердің құрылысына бұған дейін 6 миллион теңге жұмсап келген болатынбыз. Оның жарты құны шаруашылық есебінен өтелді, – деді Геннадий Григорьевич.
Агроқұрылым күзгі жиынтерім жұмыстарын да ойдағыдай жүргізуде. Биыл 4,7 мың гектар алқапқа дәнді, ал 3,2 мың гектарға майлы дақыл сепкен. Серіктестік басшысының айтуынша, биыл бидайдың орташа шығымдылығы 30 центнерден айналуда. Ал майлы дақылдардан 20 центнерден өнім алынуда.
Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов Меңгесер ауылында жаңадан тұрғызылған тауарлы-сүт ферманың жұмысымен танысты.Облысымызда алғашқылардың бірі болып шетелден асылтұқымды қара мал жеткізген “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі соңғы жылдары сүт және сүт өнімдерін өндіру ісін дамыту мәселесіне көңіл бөлуде. 600 сауын сиырға арналған ферманың құрылысын 2014 жылы жоспарланған.
– Фермада адамдардың өндірістік үдеріске қатысуы барынша шектелген. Инженерлер мен бағдарламашылардың бар жұмысы заманауи технологиялармен және “Dairyplan” автоматты басқару жүйесінің көмегімен жүргізіледі. Жаңа технологияларды енгізу өз кезегінде сапалық көрсеткішті арттыруға мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес күніне 56 тонна сүт сауылады деп күтілуде, – деді серіктестіктің директоры Еркебұлан Мәмбетов.
Кәсіпкер құны 2,3 млрд. теңге болатын кешеннің құрылысына 500 млн. теңге өз қаражатын жұмсаса, қалғанын “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы облыстық филиалы арқылы қаржыландырған. Бұл қаражат құрылыс жұмыстарын жүргізіп, симменталь тұқымды сиырларды сатып алуға жұмсалды. Сүт кешені Германия мен Нидерланды елдерінің соңғы үлгідегі қондырғыларымен жабдықталған. Қазіргі уақытта жем-азық цехының құрылысы жүргізілуде.
Кешен жұмысымен танысқан өңiр басшысы сүт шаруашылығы облыста тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап айтты.
– Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық жүзеге асыруымыз керек. Осы орайда ауыл шаруашылығындағы басты басымдықтардың бірі – сүт және сүт өнімдерін өндіру ісін дамыту мәселесіне көп көңіл бөлудеміз. Биыл төрт тауарлы сүт фермасын пайдалануға беретін болсақ, алдағы жылы оның санын онға дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша, ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін боламыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
Сондай-ақ, агроқұрылым басшылығы ауыл іргесіндегі Меңгесер көлінің жағасында демалыс базасының құрылысы жүргізуді жоспарлап отыр. Жобаның құны 70 млн. теңгені құрайды. Нәтижесінде емделуге келген азаматтарға арналған 100 палатка, 20 душ кабина мен биодәретхана және автотұрақ тұрғызылатын болады.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp