Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында «Стратегия болашағы: Ұлттық құрылтайдың басымдықтары мен сын- қатерлері» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысына біздің өңірден қатысқан Ұлттық құрылтай мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Сергей Худяков маңызды шарада Президентіміздің түрлі салаға жан- жақты тоқталып, болашаққа бағдар болатын бағыттарды айқындағанын айтты.
– Құрылтайда бала тәрбиесі, оқу, тіл мәртебесі, геосаяси ахуалды жақсарту және де инфрақұрылымды дамыту сынды ауқымды мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы жолдарды жөндеу, темір жол саласын дамыту және атом электр стансасын салу сынды бағыттарға басымдық берді. Солтүстік Қазақстан облысының инфрақұрылымын жақсартуға ұлттық жоба аясында алдағы үш жылда 600 млрд. теңге бөлінбек. Бұл – өте қомақты қаражат. Ақша толық игерілуі және уақытында қайтарылуы керек. Оның бір бөлігі тарифтерді қымбаттату арқылы, жартысы табиғи монополия субъектілерінің қарыз қаражаты есебінен қайтарылады, – деді Сергей Худяков.
Басқосуда қоғамдық ұйымдардың өкілдері жастар бастамаларын қолдауды басты бағыт ретінде атап өтіп, өңірлерді дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қажет екенін жеткізді. Олар құрылтайды жастардың ұсыныстары мен идеяларын ортаға салатын маңызды алаң деп бағалады.
– Біздің қоғамымыз еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардан тұрады, олар ортақ құндылықтар негізінде біріккен. Бұл құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің санамызда терең тамыр жаяды. Ата-бабаларымыз қалдырған асыл мұра бүгінгі таңда әділ мемлекеттің бейнесінде өмір сүріп, оны айқындайды. Бұл – жалпыұлттық бірегейліктің тағы бір көрінісі, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы талдау және этносаралық қатынастар бөлімінің басшысы Бағдат Мұқанова.
Шараға қатысушылар «дөңгелек үстел» отырысының қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен қоғамдық кеңестерге жіберілетін ұсыныстар әзірледі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».