Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев өңірімізге жұмыс бабындағы сапары барысында облысымыздың бірқатар полиция бөлімшелерін аралады.
Астаналық мейман жол-патрульдік полицияның қайта жөндеуден өткізілген екіқабатты “Оңтүстік” бақылау-өткізу бекеті ғимаратының жабдықталуымен танысты. Жергілікті полиция қызметкерлері жол-партульдік полициясының жұмысында қолданылатын осызаманғы технологияларды көрсетті. Құқық бұзушы туралы қажетті мәліметтер ғимаратта орнатылған электронды деректер базасынан жедел алынады.
Жуырда Петропавл қаласында көші-қон қызметінің орталығы ашылған болатын. Жыл басынан бері көші-қон қызметінің мамандары екі жүзден астам мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның басым бөлігі электронды түрде ұсынылған. Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер үшін тіркеу және басқа да қызметтерді электронды поштамен алуға мүмкіндік беретін цифрлық технологияны белсенді енгізуді тапсырды. Жедел басқару орталығында да жұмыстың осызаманғы әдістерін енгізуге баса назар аударылды. Орталықта Ішкі істер вице-министріне көшелерде, қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде, көпқабатты үйлердің алдында орнатылған бейнебақылау жүйесінің жұмысы көрсетілді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мектептерді және мектепке дейінгі білім беру мекемелерін бейнекамералармен жабдықтау қажеттігін атап көрсетті. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазір Петропавл қаласындағы он сегіз мектеп пен ауруханалардағы бейнекамералар біздің орталыққа қосылған. Алдағы уақытта бұл жүйемен барлық білім, денсаулық сақтау нысандары қамтылмақ, – деді облыстық ішкі істер департаменті техникалық қызмет басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Алексей Дементьев. Содан кейін Ерлан Тұрғымбаев облыс орталығындағы басқа да полиция бөлімшелеріне барды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.