«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІГІНШІЛІК – ТАБЫС КӨЗІ

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Өз кәсі­бін ашып, табысқа кенелуді көздеген әрбір жанға түрлі бағдарламалар ұсынылуда. Осын­дай мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып отырған нәзік жандардың бірі – Динара Өмірзақова.

Ол кәсіпкерлікке осыдан екі жыл бұрын бет бұр­ған. Аз уақыт ішінде жерлесіміз тынымсыз ең­бек пен шыдамдылықтың нәтижесінде біраз же­тістіктерге жете білді. Бүгінде Динара Құрман­бай­қызы басқаратын “Dancing clothers” ателье-шеберханасы көркем гимнастикаға және спорт­тық бал билеріне арналған киім-кешек тігумен айналы­сады. “Киім тігуге жас­тайымнан қызыға­тын­мын. Болашағымды да осы саламен байла­ныс­тырғым келді. Ол үшін бірінші кезекте білім алу маңызды болды. Нәтижесі жаман емес. Мем­лекет барынша қолдау білдірді. Өте риза­мын”, – дейді Динара Өмірзақова. Оның тігінші­лікті таңдауына мына бір жайт та себеп болса керек. Кішкентай қызы көркем гимнастика үйір­ме­сіне қатысып жүрген кезде оған спорттық арнайы костюм іздеп табу қиынға соққан. Өзге­лер сияқты Ресей елінен тапсырыспен көйлек тіктіртейін десе, қалтасы көтермейді. Осы сәт­терде жерлесіміз жеке іс ашуды мақсат тұтады. Сөйтіп, бойдағы қабі­летті, күш-жігерді пайдалы іске арнауға бет бұрады. “Алғашында жұбайым ма­ған 100 мың теңге ғана берді. Мен осы азын-аулақ қара­жатты бәріне жеткізуге тырыса­тын­мын. Қала­ның түкпір-түкпірін аралап, тауа­рымызды жар­намалайтынмын. Соның нәтиже­сін­де ісім өрге басты. Қазір біздің ательеге Қа­зақ­станмен қа­тар, көрші елдерден де тапсырыс түсіп жат­қаны қуантады”, – дейді Динара Құр­ман­бай­қызы өткен сәттерді еске алып.

“Нартәуекел етсең, теңізден өтерсің” деген ма­қал бар емес пе? Осыны ұранына айнал­дыр­ған кәсіпкер бизнес жолында кездескен қиын­дық­қа мойымай, алғашында ғимарат са­тып ала­ды. Кейін жанына іс жүргізе білетін се­ріктестерін жинап, екінші деңгейлі банк арқылы жеңілде­тілген несиеге ие болады. Түрлі курс­тар­ға қаты­сып, білімін шыңдай түседі. Түрлі байқауларда көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінеді. Оның жасап шығарған өнімдері был­тыр Ресейде өткен “Своровский” халықаралық конкурсында қазылар алқасының жоғары бағасы­на ие болды. Отандық дизайнерлер арасын­да ұйымдастырылған “Altyn Oimaq” атты жобада да жерлесіміздің көздің жауын алардай киім-кешегі жақсы сапасымен көзге түсті. Ательенің әрбір киімі ерекше үлгіде тігіл­гендіктен, соңғы кезде сұраныс арта түскен.

Динара Құрманбайқызы Нұр-Сұлтан қала­сында өткен конкурста да жеңімпаздар қатары­нан көрінді. Ол табысты жандар арасында “Әлеу­меттік кәсіпкер” аталымын жеңіп алды. Кейіпкеріміздің өз пікірінше, мұның бәріне ол та­бандылық пен адал еңбектің арқасында жетіп отыр. “Мен клиенттеріме тек сапалы өнім ұсы­ну­ға тырысамын. Киім тігерде оның элементте­рінің қайталанбауына көңіл бөлемін. Ал білімімді толықтыру мақсатында мемлекет тара­пы­нан жасалып жатқан тегін бизнес тре­нинг­терге үнемі қатысып отырамын”, – дейді ол.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Д.Өмірзақова.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp