
Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Өз кәсібін ашып, табысқа кенелуді көздеген әрбір жанға түрлі бағдарламалар ұсынылуда. Осындай мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып отырған нәзік жандардың бірі – Динара Өмірзақова.
Ол кәсіпкерлікке осыдан екі жыл бұрын бет бұрған. Аз уақыт ішінде жерлесіміз тынымсыз еңбек пен шыдамдылықтың нәтижесінде біраз жетістіктерге жете білді. Бүгінде Динара Құрманбайқызы басқаратын “Dancing clothers” ателье-шеберханасы көркем гимнастикаға және спорттық бал билеріне арналған киім-кешек тігумен айналысады. “Киім тігуге жастайымнан қызығатынмын. Болашағымды да осы саламен байланыстырғым келді. Ол үшін бірінші кезекте білім алу маңызды болды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет барынша қолдау білдірді. Өте ризамын”, – дейді Динара Өмірзақова. Оның тігіншілікті таңдауына мына бір жайт та себеп болса керек. Кішкентай қызы көркем гимнастика үйірмесіне қатысып жүрген кезде оған спорттық арнайы костюм іздеп табу қиынға соққан. Өзгелер сияқты Ресей елінен тапсырыспен көйлек тіктіртейін десе, қалтасы көтермейді. Осы сәттерде жерлесіміз жеке іс ашуды мақсат тұтады. Сөйтіп, бойдағы қабілетті, күш-жігерді пайдалы іске арнауға бет бұрады. “Алғашында жұбайым маған 100 мың теңге ғана берді. Мен осы азын-аулақ қаражатты бәріне жеткізуге тырысатынмын. Қаланың түкпір-түкпірін аралап, тауарымызды жарнамалайтынмын. Соның нәтижесінде ісім өрге басты. Қазір біздің ательеге Қазақстанмен қатар, көрші елдерден де тапсырыс түсіп жатқаны қуантады”, – дейді Динара Құрманбайқызы өткен сәттерді еске алып.
“Нартәуекел етсең, теңізден өтерсің” деген мақал бар емес пе? Осыны ұранына айналдырған кәсіпкер бизнес жолында кездескен қиындыққа мойымай, алғашында ғимарат сатып алады. Кейін жанына іс жүргізе білетін серіктестерін жинап, екінші деңгейлі банк арқылы жеңілдетілген несиеге ие болады. Түрлі курстарға қатысып, білімін шыңдай түседі. Түрлі байқауларда көзге түсіп, жеңіс тұғырынан көрінеді. Оның жасап шығарған өнімдері былтыр Ресейде өткен “Своровский” халықаралық конкурсында қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Отандық дизайнерлер арасында ұйымдастырылған “Altyn Oimaq” атты жобада да жерлесіміздің көздің жауын алардай киім-кешегі жақсы сапасымен көзге түсті. Ательенің әрбір киімі ерекше үлгіде тігілгендіктен, соңғы кезде сұраныс арта түскен.
Динара Құрманбайқызы Нұр-Сұлтан қаласында өткен конкурста да жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ол табысты жандар арасында “Әлеуметтік кәсіпкер” аталымын жеңіп алды. Кейіпкеріміздің өз пікірінше, мұның бәріне ол табандылық пен адал еңбектің арқасында жетіп отыр. “Мен клиенттеріме тек сапалы өнім ұсынуға тырысамын. Киім тігерде оның элементтерінің қайталанбауына көңіл бөлемін. Ал білімімді толықтыру мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан тегін бизнес тренингтерге үнемі қатысып отырамын”, – дейді ол.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Д.Өмірзақова.