Облыстық полиция департаментінің мамандары “Facebook” және “Instagram” әлеуметтік желілерінде тікелей эфир жүргізіп, тұрғындардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап берді.
Екі сағатта полицейлерге барлығы 146 сұрақ түсті. Олардың көбіне сол жерде жауап берілсе, бірқатары бақылауға алынды. Облыс тұрғындары, негізінен, көше жолдары желісі, жолда жүру ережелеріне қатысты сұрақтарын қойып, өтініш-тілектерін білдірді. Тәртіп сақшыларының жедел жұмысы үшін алғыс айтқандар да болды.
Желі қолданушыларының біреуі “Hilton”, “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық кешендерінің алдындағы жол қозғалысын дұрыс ұйымдастыру қажеттігін айтты. Енді бірі облыс орталығындағы Сәтбаев және Медведев көшелерінің қиылысындағы жол инфрақұрылымы түсініксіз десе, келесілері Смирнов және Потанин көшелерінің қиылысында жол белгісінің жоқтығына шағымданды.
Бүгінде Петропавлда 99 бағдаршам және жаяу жүргіншілерге арналған 134 өткел бар.