
Солтүстікқазақстандық полицейлер «Instagram» және «Facebook»-тың тікелей эфирінде онлайн-брифинг өткізді. Тәртіп сақшылары желі қолданушыларын өткен аптағы жұмыстың қорытындысымен таныстырып, атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып, желі арқылы түскен сұрақтарға жауап берді.
Ведомствоның жедел-қызметтік жұмысының бір аптадағы қорытындысы жайлы штаб бастығы полиция полковнигі Сәуле Андағұлова айтып берді. Өңірдегі жедел жағдай тұрақты және ұдайы бақылауда. Бір аптада облыс аумағында 221 қылмыс тіркеліп, олардың 92 пайызы ашылған. Жамбыл ауданында орын алған адам өлтіру резонанстық қылмыс болып отыр. 22 қараша күні аудандық полиция бөліміне Баян аулында адам өлтірілгені туралы хабарлама түскен. Жедел-тергеу тобы ішімдік ішу барысында туындаған жанжалдың салдарынан, 1982 жылы туған аудан тұрғыны өзінің 27 жасар інісіне пышақ салып алғанын, оның алған жарақат салдарынан қайтыс болғанын анықтады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Өткен аптада жолдарда апаттылық деңгейі жоғары болды. Жеті жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда 2 адам көз жұмып, 10 адам жарақат алды. Адам өліміне алып келген екі жол апаты да қала маңындағы тас жолда орын алды. Петропавл қаласының жолдарында 4 апат жасалды, нәтижесінде 3 адам зардап шекті. Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция капитаны Азамат Жамұқов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары туралы толығырақ айтып берді. Петропавл қаласы полиция басқармасының жұмысы туралы қалалық полицияның жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетов хабарлады. Тікелей эфир барысында жиырмаға жуық сұрақ келіп түсті. Қолданушылар саяжайлардағы ұрлықтың алдын алу тақырыбын көтеріп, ксенон фарларын пайдалану ережелерін, сондай-ақ жол белгілерін орнату тәртібін түсіндіруді сұрады.
Барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, полицейлер тұрақты түрде ведомствоның ресми аккаунттарында құқықтық түсіндіру және ақпараттық стримдер өткізуді жоспарлап отыр.